Қайырымдылық тек мешіт пен медресе салумен өлшенбейді

0

Ел егемендігімен бірге «дініміз бен тіліміз қайта оралды» деп бөркімізді аспанға аттық. Жастарымыздың намазға жығылып, ораза ұстағанына шүкір дедік. Бірақ уақыт өте келе, жұрт көңілінде екіұдай сезім пайда болып, абдырай бастады. Себебі, «имандылық жолында жүр» деген кейбір жастарымыз қоғамнан ашықтан-ашық алшақтай бастады. Тіпті кейбіреулері ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды қарадай жоққа шығаратын болды. Бұл құбылыс құлашын кеңге жая келе ұлттық бірлігіміз бен тірлігімізге қауіп төндіре бастағанын түсіндік. Осыған орай дін мәселелерін зерттеу қолға алынып, жоспарлы жұмыстар жүзеге аса бастады. Мысалы, 2018 жылы Түркістан облысы әкімінің қаулысымен дін істері басқармасы мен оның қарамағындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қайта құрылды. Біз бүгін Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлымен сұхбаттасып, басқарма тарапынан атқарып жатқан жұмыстары жайлы сұраған едік.

– Рүстем Сабыржанұлы, әңгімемізді облыстағы діни ахуалдың жай-күйінен бастасақ?

– Түркістан облысы көлемінде конфессияаралық татулық сақталған, діни ахуал тұрақты. Бұл – бүгінге дейінгі мемлекеттің дін саласындағы саясатының қол жеткізген табысы.

Тәуелсіздік ұлттық діни танымның нығаюына жол ашты. Елімізде дәстүрлі діндер қоғамдық өмірдің ажырамайтын бір бөлшегіне айналды. Елдің тыныштығын, бірлігін сақтай алдық.

Бүгінгі күнде елімізде 18 конфессияға тиесілі 3896 діни бірлестік қызмет атқарып жатқан болса, соның ішінде Түркістан облысы бойынша 6 конфессияға тиесілі 30 жергілікті діни берлестік пен олардың 2 филиалы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 756 мешіт-филиалдары заң аясында тіркеліп, жұмыс жасауда.

Кей азаматтардың дін атын жамылып, бүйректен сирақ шығарғысы келетін іс-әрекеттеріне құзырлы органдар тарапынан тыйым салынып, деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткендермен оңалту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, деструктивті діни ағымдарды қолдаушылар санының төмендегені байқалады.

– Дегенмен діни фанатизм жетегінде шетел асып кеткен, оның ішінде Сирияға бет алған жастарымыздың болғанын да ұмытпау керек шығар.

– Сирия мен Таяу Шығыс елдеріне кеткен азаматтарымыз «Жусан» әскери-гуманитарлық операциясы аясында елге жеткізілді. Туған жеріне оралған 700-ге жуық қазақстандықтардың арасында 5 әйел мен 22 бала Түркістан облысының тұрғындары болатын. Бүгінде оларды қоғамға бейімдеуге, радикалды көзқарастарынан оңалтуға, теологиялық және психологиялық қолдау көрсетуге барынша атсалысып жатырмыз.

Бұл жұмыстар былтырғы карантин уақытында да жүйелі түрде жалғасты. WhatsApp әлеуметтік желісінің видео хабарламасы арқылы онлайн дәрістер өткізіліп, танымдық мақалалар, бейнероликтер, үгіт-насихат материалдарын үздіксіз жіберіп отырдық. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқудан челлендж түсіріліп, «Дәстүр тағлымы» байқауы ұйымдастырылды. Биылғы жылы да табиғат аясында аталған отбасы мүшелерімен екі күндік тимбилдинг ұйымдастырылды.

Өкініштісі, жалған идеология жетегінде жүремін деп адасып, түрлі деңгейдегі қылмыстық әрекеттерге барғандар да жоқ емес. Діни экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатқандармен де тұрақты түрде кездесу өткізіп отырамыз. Азаматтарымыздың кереғар ағымға кетуінің бір себебі өз туған елінің тарихы мен өткенін, тұлғаларының өмірлік қайраткерлігін жете түсінбегендігі және оларды танып білмегендігінен болып отыр.

Мемлекет өз азаматтарының қандай елде, қай нүктеде болса да олардың тағдырына бейжай қарамай, қол ұшын созып, аман-есен алып келуге мүдделі.

Бүгінде террористік аймақтардан қайтарылған сол азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мемлекетіміздің азаматтарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп айтар едім.

– Дін істері басқармасы мен оған қарасты орталықтың қоғамда ықпалы, салмағы бар ма?

– Мекеменің мақсаты – қоғамдағы саяси ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік идеологияны түсіндіру жұмыстары болған соң облыс аумағындағы тұрақтылықты, әсіресе діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бүгінде дін тақырыбы өте шетін, күрделі мәселеге айналды. Көптеген жастарымыз діни сауатының төмендігінен, тақырыпты терең түсіне алмағандықтан, теріс ағымның ықпалында қалды. Бұл ұлттың болашағы мен бірлігіне, ортақ көзқарасының тұрақтылығына айтарлықтай кесірін тигізеді. Сондықтан студенттер мен оқушылар арасында діни негіздегі әдет-ғұрыпқа қатысты кейбір теріс түсініктердің дұрыс шешім табуына көмектеседі. Экстремизм мен терроризм белгілерінің алдын алу, кері ағымдар мен секталардың зиянды іс-әрекеттері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізудегі рөлі мен беделі де айрықша.

– Деструктивті ағым өкілдерін бүгінгі қоғамға қайта бейімдеу мүмкін бе?

– Деструктивті діни ағым жетегіне кеткен азаматтарды оңалту жұмыстары біршама уақытты талап етеді. Себебі, санасы уланған жандардың дәстүрлі бағытқа бейімделуі ұзаққа созылатын процесс. Біздің тарапымыздан былтырғы жылы дәстүрлі емес бағытты ұстанушы азаматтармен 1500-ден астам жеке кездесулер ұйымдастырылды. Жұмыс нәтижесіз емес, өз қателігін түсініп, дәстүрлі діни көзқарасқа оралып жатқан азаматтар бар.

Деструктивті діни ағымдардың идеологиясы мен үгіт-насихаттары елімізге шет елдердегі діни оқу орындары мен тіл үйрету курстары арқылы келіп жатыр. Бейресми оқу орындарында тәлім алған жастарымыз «ақиқат осы екен» деп жат идеологияны елге әкеліп, халқымыздың санасына тықпалауда. Сондықтан шетелде діни білім алатын студенттерді елге қайтару немесе оқуын еліміздегі діни оқу орындарына ауыстыру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жасап жатырмыз.

Деструктивті діни идеологияның алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ықпалы зор. Облыс көлемінде дін саласы бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Топ құрамына білікті дінтаншуы-теолог мамандар енген. Сондықтан олар жоғары оқу орындарында, мектептерде және басқа да мекемелерде жастармен тұрақты түрде кездесіп тұрады. Төтенше жағдай кезінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын онлайн форматында ұйымдастырдық, Инстаграм және Фейсбук әлеуметтік желілерін тиімді пайдаланып отырдық. Үстіміздегі жылы жастармен 246 кездесу ұйымдастырып, онда 15000-ға жуық жастарды қамтыдық. Бұл осыншама жасөспірім деструктивті діни идеологияның теріс пиғылынан сақтандырылды деген сөз. Бұл жұмыстар одан ары да жалғасын таба береді.

– Ақпараттық насихат жүргізу үшін білім мен тәжірибе керек болатыны белгілі. Отандық теолог ғалымдармен тәжірибе алмасып, пікірлесіп отырасыздар ма?

– Әрине, ҚМДБ төрағасының орынбасары Е. Оңғаров, ҚМДБ Түркістан облысының Бас имамы Е.Қарақұлов, ұстаз А. Қуанышбаев, Л.Н.Гумилев ЕҰУ «Философия ғылымдары» кафедрасының меңгерушісі К.Тышқан, Нұр-Мүбарак ЕИМУ PhD докторы Д. Құрманбаев секілді білімді ғалым мамандармен бірлесе отырып, түрлі кездесулер мен сұхбаттар жасадық. Сонымен қатар облысымыздағы шығармашылық интеллигенция өкілдері мен мәдениет және спорт қайраткерлері жастармен жиі жолығып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Олимпиаданың күміс жүлдегері М.Ділдабеков, тарихшы, шежіреші ­­М. Әбдәкімұлы, ОҚМПУ проректоры, ф.ғ.к С.Мәжінбеков сияқты азаматтар жастарымызбен кездесіп тұрады. Бұл кездесулер жастарымызды жат ағымнан аулақ болуға, ұлтымыздың дәстүрлі құндылығын сақтауға, құрметтеуге әсерін тигізері сөзсіз.

– Түркістан облысында еліміздегі мешіттерінің 1/4 бөлігі орналасқан екен. Қайырымдылықты тек мешіт салу деп түсінетін меценаттарға не айтар едіңіз?

– Қайырымдылық ұғымының мағынасы өте кең. Халқымыз рақымды, мейірімді, жан жылуы мол иманды адамды қайырымды адам дейді. Ертеректе үлкендеріміз алдына жағдай айтып келген адамның меселін қайтармауға тырысатын. Өзінің жағдайы қиын болып тұрса да алдына көмек сұрап келген пендені қолтығынан демеп, еңсесін көтеруге күш салатын. Бұл – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерінің бірі болатын.

Халқымыз өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулыған. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, тіпті табиғатқа камқорлық жасаудың өзін қайырымдылық іске жатқызған. Басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау және оны бөлісу, тіпті іс жүзінде нақты көмек беру де қайырымдылыққа жатады. Ауыз суға мұқтаж ауыл тұрғындарына құдық қазып беру де үлкен сауапты іс саналған.

Ал осы қайырымдылық қасиетті «сауап тек мешіт пен медресе салуда» деген түсінікке теліп қойсақ, оның мәні мен мағынасын кеміткен болар едік. Себебі, қайырымдылық қоғамның әлеуметтік саласының барлығында жүзеге асырылуға тиіс. Мысалы, алыстағы ауылдарға қайырымды іс жасағысы келген ауқатты кісілер мектеп, балабақша, кітапхана, мәдениет үйі, спорт кешенін салып берсе, қайырымдылықтың үлкені емес пе.

Жалпы, «меценат» деп білім мен өнердің дамуына материалдық көмек көрсеткен тұлғаны айтамыз. Қоғамда меценаттардың көп болуы – еліміздің экономикасы дамып отырғанының бір көрінісі.

Тарихтан көптеген меценаттардың есімін білеміз. Шежірелік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінесе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, халықты оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды.

Меценаттық пен қайырымдылық дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бар. Әңгімені әріден тарқататын болсақ, Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір хан халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосты, мектеп ашты, оның жыл сайынғы барлық материалдық қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар 1914 жылы Есенқұл Маманов «Айқап» журналында «Романға бәйге тігемін» деп ашық хат жариялауынан қазақтың әдебиетіне ерен қамқорлығын аңғаруға болады. Тағы бір мысал, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылдан бастап шығарған «Абай» атты журналдың материалдық шығындарын ауқатты бай Қаражан Үкібаев көтерген. Айта берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұлардың барлығы бір сөзбен айтқанда – меценаттар.

Қазіргі заман меценаттарының ішінде де мақтанышпен айта алатын есімдер баршылық. Өз аттарын атамай, қарапайымдылығын сақтап, қайырымдылығын жасырып қалуды жөн санайтын жекелеген адамдар да көп. Олардың бұл ісін нағыз кең жүректі азаматтық іс дер едім.

«Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту парыз» деген екен Жүсіп Баласағұн. Біздің халқымыз жақсылықты жасай да білген, жақсылық жасаған адамға рақметін айта да білген.

Ал мешіт санына келсек, облыстық дін істері басқармасы өңірдегі діни бірлестіктер мен олардың филиалдарына мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Аймақта қажеттіліктен тыс мешіт салуға ниет білдірген кәсіпкер азаматтармен сол елді мекенге қажетті әлеуметтік нысандар (спорт, медицина, білім, руханият, мәдениет салаларына және т.б. нысандар) салу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі және ол меценаттар тарапынан қолдау тауып отыр.

– Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінен қандай жаңалық күтесіз?

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда, әлемде COVID-19 дертінің таралуына байланысты уақыты шегеріліп, 2022 жылға ауыстырылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезінде делегаттар саны бойынша алғашқы 5 жиыннан асып түсті. Менің VІІ съезден алғашқы күтетін жаңалығым қатысушылар саны артады деп сенемін.

Екіншіден, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» Сириядағы қарулы қақтығыстарға мейілінше тосқауыл қояды. Мен биыл қыркүйек айында өтетін съезден бауырлас, діндес Ресей мен Украинадағы жағдайдың оң өзгеріспен шешілуін күтемін. Жалпы мұны қазіргі таңда бүкіл әлем, соның ішінде осы екі елдің азаматтары да тағатсыздана күтіп отыр деп ойлаймын. Тегі бір, тарихы ортақ, діні бір халықтар ымыраға келеді деп сенеміз. Дәстүрлі діндер көшбасшыларының арасындағы сенім мен түсіністік, халықаралық ынтымақтастық – бұл съездердің негізгі мақсаты.

Үшіншіден, жаһан сәт сайын дамуда. Өткен пандемия әлемді баяғы қалпынан мүлдем өзгертіп жіберді. Сондықтан VІІ съезд әлемдік және дәстүрлі діндер құрылымдарынан жалпыадамзаттық бағдарларды іздейді.

Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде съезд барлық діндердің міндеті қазіргі заманда әлем баршаға ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл рухани кембағалдықтың алдын алып, адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.

Еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай еңселі де мазмұнды істерді атқарып келеді. Сондықтан да конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің керемет үлгісін көрсете алды. Қазақстанның қол жеткізген ең шоқтығы биік жетістігі – еліміздегі тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамытып, өскелең жас ұрпақты қазақстандық патриотизмнің жаңа рухында және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет.


ПІКІР ЖАЗУ