Арыс: тазалыққа да жанашырлық қажет

0

 

Бүгін Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық пен әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары бастаған топ қала әкімдігінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылған шара аясында қаланың әлеуметтік дамуы мен проблемалық мәселелерді шешудің жай-күйі талқыланды.

Атап айтқанда, қала көшелерінде заңсыз жол кедергілерін салу мен сауатсыз жарнамалардың көбеюі, қоғамдық орындардағы тазалық мәселесі көпшілік тарапынан сұрақ, өтініш ретінде жолданды. Қала әкімінің орынбасары бұл мәселелерді оңтайлы шешуде азаматтық қоғамның белсенділігі қажет екендігі ескертті.

«Жергілікті тұрғындардың белсенді болуы істің ілгерілеуі үшін үлкен көмек. Сондықтан, тұтас қаламыздың гүлдей жайнауы үшін, тазалығы мен тәртіп сақтаулы үшін азаматтарымыздың жанашырлық ниеті ауадай қажет. Әсіресе, тазалық сақтау мәселесі өте өзекті», – деді Ерғали Омарұлы.

Сондай-ақ, ол қазіргі кезде қаладағы пәтер иелері мен мекеме, кәсіпорындардың 90 пайызы қоқыс шығарумен айналысатын «Қызмет сервис» ЖШС-мен келісімшарт бекітіп үлгергенін еске салды. Бұл бағытта сала мамандарының жұмысы тиісті деңгейде жалғасуда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Арыс қаласы бойынша тазалық мәселесімен айналысатын «Қызмет сервис» мекемесі қаланы бірнеше ауданға бөлу арқылы бекітілген кесте бойынша аптаның белгіленген күндерінде қоқыс шығару қызметі біріздендірген. Соның нәтижесінде, қала тазалығы бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсіп, Арысымыз ажарланып келеді.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ