Кентау: шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуіне кедергі тудыратын жағдайлардың алдын алу қажет
Қалада шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуіне кедергі тудыратын жағдайлар бірі қаладағы қысқа көшелердің болуы, көпқабатты тұрғын үй аулаларына кіру кезінде ағаштардың ретсіз өсуі және электр желілері кедергісін келтіруіне байланысты арнайы қызметтің уақытылы әрекет жасай алмау салдарына алып келуде. Бұл жайында Кентау қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Төлегенов лездемелік жиналыста баяндады.
Сонымен қатар, аппараттық жиында қаладағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің алдын алу шаралары, қала және ауыл санитарлы тазалық жұмыстары мен қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жайындағы жұмыстары талқыланды.
Қазіргі таңда қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мақсатында қаланың «Ынтымақ» орталық алаңында әр сенбі күні жәрмеңке өткізілуде. Азық-түлік және ауылшаруашылық тауарларының шекті бағаларын қою мақсатында, сауда базарларындағы бөлшек сауда, көтерме сауда және қаладағы ірі сауда дүкендердегі бағаларға тұрақты мониторинг жүргізіліп, жәрмеңкеге нарықтан 10% төмен шекті баға ұсынылып, бекітілгендігі жайында Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімнің басшысы Қадырхан Төлепбергенов баяндады.
Аса маңызды, әрі өзекті мәселелердің біріне айналған тазалық мәселесіндегі бірқатар кемшіліктері барын қала әкімдігі аппарат басшысының м.а Әшім Елеусізов мәлімдеді. Сондай-ақ, қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жайында хабарлады. Бүгінгі таңда Кентау қаласының әкімі Р. Аюповтың төрағалығымен өткізілген мәжілістерде, нысандарды аралау барысында және тұрғындармен кездесулерде берілген тапсырмалар саны 478 құрап отыр. Оның ішінде орындалғаны 260 болса, бақылауда 191 тұр, орындалмағаны 27.
Аппараттық жиында қала әкімі Рашид Аюпов тазалық жұмыстарын бақылауға алып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қаланың орталықтарында жайылып жүрген үй жануарларын қамаққа алуды және орнын камерамен жабдықтау бойынша нақты тапсырма беріп, бақылауға енгізді. Сондай-ақ, қалаға қарасты ауыл әкімдіктеріне ауыз су мөлшерін есептеуіш құрылғыларын жыл соңына дейін 100% орнатылуы керектігін жүктеді.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі