Кентауда көпбалалы ана өз кәсібін дамытуда
Бүгінде қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастаған Кентаулықтардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда 12 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бастап кеткен. Солардың бірі, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған қала тұрғыны Үміт Макимова.
Үміт Макимова 2021 жылы мемлекеттік грантқа ұсыным беріп, 2022 жылы қайтарымсыз грант иесі атанып отыр. Бүгінде жоба аясында жолдасы Еркебұлан Саматаевпен Кентау қаласында детализация орталығын ашып, автомобильдерге бірнеше қызмет түрлерін көрсетуде.
«Декреттік демалыстан кейін жаңа кәсіп бойынша жұмыс істеу қажет деп таптым. Ойлана келе көп балалы ана ретінде «Бастау Бизнес» жобасына қатысуды құп көрдім. Жоба аясында мен бизнес жоспарды құру, онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендім.Сондай-ақ, сауда нарығында тұтынушыларға қалай сөйлеу,қалай сату керек деген сынды сан түрлі сауалға жауап алдым. Жолдасым да, өзім де «Бастау Бизнес» курсын оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтық. Екеуміз балаларымыздың болашағы үшін, әрі табысты кәсіп иелері атану үшін детализация орталығын отбасылық кәсіп ретінде аштық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бір-бірімізге үн қосып, бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы кәсібімізді дамытып келеміз» – дейді Үміт Сағынтайқызы.
Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, екінің бірі көлік жүргізеді. Жүргізушілер үшін көлігінің таза әрі әдемі болғанын қалайтындар өте көп. Орталықта автомобильдерді химиялық тазалау және жылтырату, терезелерін қараңғылау, көлік ішіне шу естілмеу үшін есіктеріне арнайы қаптау жұмыстарын жүргізу және т.б қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, кәсіп иесі үш азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Айта кетейік, бүгінде «Бастау бизнес» жобасы аясында Кентау қаласында өз кәсібін дамытқысы келетін 173 азамат өтінім білдірген. Оның ішінде 12 азамат бірінші кезең бойынша қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі