Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы таңғаларлық

0

Еліміздегі болып жатқан сан мыңдаған оқиғалар тізбегін толық ақтарғалы отырған жоқпыз. Бар болғаны жаңғырған жаңа өңір хақында толғансақ дейміз. Олай болатыны биыл Түркістан облысының уығын қадап, шаңырағын көтергеніне төрт жыл толып отыр. 

Құт пен бірліктің бастау көзі болған атаулы облыс төрт жылдығын жай бастағалы отырған жоқ. Кәдімгі өзіне ізбасар ретінде Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын ала келді. Өзінің жүрген жолымен, басқан ізімен, бағындырған белестерімен, түрленген келбетімен  үлгі болмаққа ұмтылып-ақ тұр.

Өз ғұмырының көрікті де көңілді төрт көктемін, жазиралы төрт жазын, қоңыр салқын төрт күзін, қаһарлы төрт қысын мәнді де мағыналы өткізіп, күрделі кешулер керуенін талықпай сүйреп, жеңіс тұғырына, биіктікке ұмтылу оңайға түспесе керек. оның да кермек дәмі, қиындықтары мен кедергілері жетерлік. Мәселесеі шексіз екені тіптен анық. Бұл төрт жыл облыс мәртебесін алып түрленуі деп ұғынған ләзім. Өйткені жәдігер шаһардың тарихы тамырлы, есім-сойы мыңжылдықтар қатпарына жасырынғаны һәм жаны мен тәні қазақ үшін қызмет еткені баршаға мәлім.

Шындап келгенде Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» (Мағжан) сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт.

Шындап келгенде киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран дала-сындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астана¬сы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.

Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130 – дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңыз мен шежіресі де ақтарыла бермек.

Өр рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бір күнінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес дегендей ақыры сол сөз шындыққа айналды. Сол таң нұрымен бірге шаһар жұрты, тіпті тұтас ел тағы оянды. Бөркін аспанға атып алпыс екі тамыры бусанып, шер мен налаға толы көкірегі қуаныштан бүр жарып, ақ түйенің қарыны жарылған, дүлдүл тұяқтың дүбіріне от беріп, көбеңсіп жеткен таңғажайып қуаныш көңіл көгімізде жарқырады. Шығандап барып тағы бір нұр шашып атар таңдай, манаурап батар кештей болашаққа қанат жайдық. Сөйтіп түрленуге жаңа қадам басқан Түркістан аты түркі жұртына, әлемге су жорғадай тайпала жөнелді.

2018 жылдың 19 маусымы шаһар үшін тарихи күн. Жаңа ғасырдағы даму мен гүлденуге жол ашылған шақ. Дәл осы күні Елбасы Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңының 3-бабы 1-бөліміне сай Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болатыны, ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені туралы Жарлығын жариялады.

Осылайша байырғы Тұран даласында, бүгінгі қазақ елінде жаңа облыс орталығы ашылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласы еліміздегі Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы қалаларынан кейінгі үшінші ірі мегаполистік орталық болып өңір халқына қуаныш сыйлады. Ендігі қадам жаңа облыс орталығын түлету болғаны айқын. Жарлық шықты да, іске кірісу де уақытында жүріп кетті.

Ал, жаңа облыс орталығының тарихын 2018 жылдың 17 тамызында Шымкенттегі облыс әкімдігі құрамының Түркістанға көшіп келуінен бастаған жөн. Сол кездегі жаңа облыс әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың бастауында жаңа орталық – Түркістанға қоныс тепті. Ендігі мақсат та, көз алдағы міндет те айқын болатын. Атап айтқанда шаһарды дамыту мен өркендету болып табылады.

Шынында төрт жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Бұрын ат басын бірнеше рет бұрғандарды қойып, өмір бойы осында тіршілік етіп келе жатқан қала тұрғындарының өзі танымастай өзгерді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр.

Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Осының барлығын ел тізгінін ұстаған президенттер мен өңір басшыларының еңбегінен, олардың көрегендігінен деп айтуға болады. Олай болатыны Түркістан облыс болған жылдарда екі президент, екі облыс әкімі, үш қала әкімі қызмет атқарыпты. Тарқатып айтар болсақ, жаңа облыс болғанда Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болып тағайындалса, 2019 жылы 26 ақпанда Өмірзақ Шөкеев өңір тізгінін қолына алып, содан бері еселі еңбек етіп келеді. Облыс орталығы болған киелі шаһардың бірінші әкімі ретінде Әліпбек Өсербаев (қала үшін ілгері жылдарда қызмет атқарып, өз бойындағы білімін шаһар бет-бейнесін қалыптастыру жолына арнаған өңірге таныс азамат), екіншісі Рашид Аюпов болса, бүгінде үшінші әкім ретінде Нұрбол Тұрашбековтың қызмет етіп, қаланы өрге сүйреп жатқанына бір жыл толды.

Жаңғырған көне шаһар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындала бастады. Маусымның 5-індегі референдумға бүкіл республика жұртшылығы зор белсенділікпен қатысса, жалпы Түркістан облысы өңірлерден оза шауып көш бастады. Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Түркістан облысы мен құрылғанына бір жыл болған Сауран ауданы тұрғындарының да азаматтық позициялары нығайып, үлкен істерді атқаруға ынта жігері өсе түсуде.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты. Мен  бұл мәселеге  2019 жылғы Жолдауымда  кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды. Бұған дейін Шымкент  республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы  Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны  халық  өте жылы қабылдады. Мен  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім»,- деп ерекше тоқталды.

Жоспары мен келешегі талқыланған әрі бекітілген шаһарды дамытудың жұмыстары төрт жылдан бері қарқынды жүріп келеді. Ауқымды құрылыс жұмыстары басталып қазірге дейін салынып жатыр. Кезегінде бой көтеріп пайдалануға берілгендерін ретімен айтамыз. Қалам ұшын облыс орталығында болған елеулі оқиғаларға бағыттап көрейік.

Облыс орталығына айналған шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға бағыттарына арналды. Бұл бойынша да жұмыстар жүйелі орындалып келеді.

Түркістан облысының өзі салған облыс әкімдігі ғима¬раты, Нұр-Сұлтан қаласының сыйға тартқан «Нұр-Сұл¬тан» алаңы, Алматы қаласы салғызған медиа¬орталық, Солтүстік Қазақ¬стан облысы тарту еткен олимпиада резерві спорт мектебі, Батыс Қазақстан облысы салған музыкалық мектеп, Павлодар салып берген Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қызылорда облысының шығыс моншасы, Жамбыл облысының қабылдау орталығы, Шығыс Қазақстанның музыкалық субұрқағы, Маңғыстаудың амфитеатры, Қостанайдың неке сарайы, жеке инвесторлар салған «Түркістан» автобекеттерін атауға болады.

Олардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады.

Әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған. Енді тілге тиек ететін бірегей құрылыстың бірі қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай.

Төрт жылда даңқы артқан Жаңа Түркістан

Президент жарлығымен үш облыс құрылғанын қуана қолдаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан құрылатын облыстарының әкімдерімен жаңа облысты құрудағы іс-тәжірибесімен бөлісетіндігін жариялаған болатын. Маусымның 15-інде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте өңірдің даму қарқыны туралы айтты.

Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл уақыт өтті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі қалыптасты. Жалпы ішкі өнім 1,6 есеге артып, 2 трлн 800 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы 9,6 млрд теңге болды. Қазір Түркістан облысында жыл сайын 824 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, — деді ол.

Шөкеев атағандай, Түркістан облысының индустриялық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде 2368 жұмыс орны ашылды. Өңірде 1150-ге жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 43 млрд теңгеге 315 жоба мақұлданды. «БЖК-2025» бойынша 2,5 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары арқасында өндірілген өнім көлемі 47 пайызға өсіп, 1 трлн теңгеден асты, — деді Өмірақ Шөкеев.

Көгілдір отынға қол жеткізудегі жетістіктер легі жетерлік

Түркістан облысында құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд. теңге болатын.

Жаңа облыс құрылған 4 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ал 2022 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17,7%-ға артты.

Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді.

Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%).

Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек аудан газға қосылмақ.

Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 автоматтандырылған газ таратустанциясы салынды.

2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылады.

Инвестицияның көлемі артуда 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жалғасуда.

Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттың орталығына айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2021 жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, (2018 ж. – 288,1 млрд. теңге) 660,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. 2020-2021 жылдары инвестициялық құны 13,6 млрд. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2015 жаңа жұмыс орны құрылды.

– Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» құрылысы жүруде. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Ө.Шөкеев.

Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады.

Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған.

Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда.

Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.

Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтуде.

Кәсіпкерлер жанкештілікпен еңбек етуде 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Облыс әкімінің баяндауынша, Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан мен қала тұрғындарымен кездесулерде облыс басшылығы тарапынан осы бағытта түсіндірме және насихат жұмыстары атқарылуда.

– Елдің кәсіпкерлікке деген ықыласы жақсы. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн. теңгені құрады, – деді Ө.Шөкеев.

Қазіргі таңда өңірде Түркістан облысы әкімдігінің тиісті басқармалары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер жалғасып жатыр.

Қоңыржай ауа райы Түркістанның келешегі

     Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан өңірінде қоңыржай ауа –райын қалыптастырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Сонау Көкшетаудағы Сәкеннің сексен көлі атанған аумақ секілді Түркістан маңын барынша көкжелектендіру ғана емес, қолдан көлшіктер орнату, қалаға жақын маңнан су қоймаларын салу жұмыстары қарқын алуда. Оның ішіндегі бірі де бірегейі қаладан небәрі елу шақырым жерде орналасқан бұрын Шошқакөл атанып келген су жүйелерін «Жетікөл су жүйесі» айдарымен кешенді бағдарламаға айналдырды. Өйткені, бұл «Жетікөл су жүйесі» аумағында үш ауданның территориясын қамтыған жетпістен астам көлдер мен көлшіктер құрайды. Мұнда құстардың 420-дан астам түрлері мекендейді. Осы бағытта етурстер мен қала қонақтарының жылдам жетуіне арналған дамба құрылысы жүргізілуде. Осы жазда аяқталатын түрі бар.

Бұдан басқа ондаған жобалар қарқынды жүргізілуде.2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған.

Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.

Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыруға, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп келеді. Қазіргі таңда саябақ мен гүлзарлар саны 60-қа жетті. Көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрден асады.

Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суын барынша тиімді пайдалану қолға алынды. Облыс әкімі қаланы абаттандыру, арықтар мен каналдардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берді.

Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. Оған гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылды. Қаланың «Ботаникалық бақ» аумағы жағынан су тазартылатын №1, №2 су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған Р-33 каналынан су алынады.

Түркістан қаласын одан әрі жақсарту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында 269,2 шақырымды қамтитын 216 көшеге жарықтандыру жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда 124 көшеде жарықтандыру толығымен іске қосылып, қалған 92 көшені электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.

Түркістанмен бірге дамыған Кентау

Бағыт-бағдары айқын Түркістан облысының дамуы мен түлеуі көз ілестірмей жатқаны ақиқат. Бір жаңалығын жеткізіп болғанша, енді бір жаңалығы жарқ етіп жатқаны жасанды емес.  Түркістанмен бірге Кентау қаласының да бағы жанып, бабы келіп жатқанын айта кеткен оң болмақ.

Кентаудағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесу кезінде осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі жұмыстарды баяндап, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Кентауды дамыту бағытында да жұмыс қарқынды жүріп жатқандығын тілге тиек еткен.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құру бағытындағы негізгі міндеттерді айқындап берді. Есеп беру форматы өзгеріп, басшылар тұрғындармен еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Баяндама – аз, тұрғындардан сұрақ көп болса, деген ұстанымдамын. Облысымызда көптеген сала бойынша өсу, өрлеу бар екенін айта кеткен жөн, – деген өңір басшысы көрсеткіштерге тоқталды.

– Өткен жылы экономиканың даму қарқыны +4%-ды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6%-ға артып, 707,8 млрд. теңгені құрады. 186,6 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылды.

Жалпы, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. Бұл шаһар мен үшін өте ыстық. Мәселелерін де жақсы білемін. Сондықтан оны дамыту – азаматтық парызым.

2021 жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер модернизациялаудан өтті. «Қызыләскер» автоматтандырылған газ станциясын іске қосу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешетін боламыз. – деген болатын Өмірзақ Шөкеев.

Инфрақұрылым, қаланы газбен қамту, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу жұмыстары өз деңгейінде

Бағы жанған көне Сауран

Жаңа облыстың дамуы мен өркендеуі тым биік. Сонымен қатар рухани һәм тарихи тұрғыдан бағындырған белестері жетерлік. Соның ішінде тарихи мәні бар Сауран атауын тірілтіп жаңа аудан құруы үлкен оқиға. Терең мән мен мағына шығып, Бағызы қазақылық аңқып тұрған ауданның аяқтан тұрып, өзге аудандармен бәскелік қабілетке ие болып жатқаны мақтанарлық. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да айтарлықтай даму жолында екені ақиқат.

Жаңадан құрылған Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. Атап айтатын болсақ, Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елдімекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені.

Сауран ауданының жалпы аумағы 721745 шаршы метрді, халық саны 104,235 адамды құрайды. Ағымдағы жылы жергілікті бюджетке 1 млрд. 130 млн. 407 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 105,9 пайызға немесе 62 млн. 979 мың теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер 693 млн. 313 мың теңге, өзіндік кірістер 437 млн. 094 мың теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі 1 млрд. 177 млн. 741 мың теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілді.

Бір айта кетерлігі кезінде Түркістан қаласына, одан кейін Кентау қаласының қарамағына өткен аудан бүгінде күн сайын түрлену мен түлеуді бастан кешіріп жатыр.

Түркістаннан кейін бой көтерген үш облыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде үш облыстың ашылатынын айтып, халықты бір қуантып тастады.

Міне осы нәтижелі қадамның жалғасы ретінде елімізде үш облыс қатар ашылды. Мәслихат хатшылары, әкімдері сайланды. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлытау, Абай, Жетісу деп неге атайтындығын дәйектеп түсіндірді.

«Азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті.  Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен  бүгін  бірқатар бастама көтергелі отырмын…

 Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың  төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар  осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз  Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз»,-дейді Мемлекет басшысы.

Маусымның 7-сінде референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде Мемлекет басшысы: «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда.

Ұлытау өңірінің тарихи географиялық тұрғыдан жəне топонимикасының зерттелуі жан- жақты саралау мен талдауды қажет етеді. Себебі бұл өңірдің тарихы қазақ тарихының құрамдас бөлігі болып табылады жəне осы территория туралы тарихи-географиялық мəліметтер, қалыптасқан топонимикалық жүйесі өлке тарихы үшін де, отан тарихы үшін де өте мол тарихи ақпарат береді.

Шын мəнінде де, дала өлкесі кеңістігіндегі Қазақстан тарихынан ерекше орын алатын Ұлытау территориясы, яғни Сарыарқа өңірінің батыс бөлігі. Ұлытау — қазақ сахарасындағы қасиетті мекендердің бірі, отандық тарихшылар тарапынан «көшпелілер өркениетінің алтын бесігі» деген бағаға ие болуы да тегін емес.

Шынында да, Ұлытау өңірінде қазақ тарихының барлық кезеңдері, сонау көне дəуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарих куəлары аяқ аттап басқан сайын «мен мұндалап» тұрады. Əсіресе көне дəуір мен ортағасырлар тарихынан сыр шертетін тарихи ескерткіштер барша тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Бұл аумақта қола дəуірінің қайталанбас ескерткіштері, тасмола мəдениеті ашылып, қазақ тарихының ұлы ескерткіштері Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Едіге мырза есімімен аталатын тау жəне т.б. орналасқан.

Ежелгі кезден таукен ісі дамып, ортағасырлардағы көшпелі тайпалардың даму деңгейінің көрсеткіші қалашықтар мен бекіністер де осы территориядан орын алған.

Осылайша, ұлттың ұйысатын күні маусымның 16-сында қазақ халқының маңдайалды марқасқа сарабдал саясаткерлері, биліктің төрт бұтағының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бас қосуға жиналды.

Мемлекет басшысы Қазақстан хақына Жолдауында: «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені  аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз»,-деген болатын.

Міне, сол айтулы күн де туып, Семей облысы ашылып, аумағы белгіленіп, мәслихат хатшысы, әкімі сайланды. Халық ақсарбас атап, бөркін аспанға атуда.

Ертістің екі жағасында орналасқан Семей еліміздің ірі де әсем қалаларының бірі болып табылады. Жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстанның «рухани астанасының» қонақтары да осындай пікірде.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын. Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді»,-деді.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз қызметінің басты бағыттары туралы айтты, -деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайына, денсаулығына, лайықты табыс табуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне басты назар аударылатынын жеткізді.

«Екінші, әділдік принципі. Заңның баршаға ортақ болуын, заңның басымдығын қамтамасыз етуіміз керек. Әлеуметтік әділетсіздік болмауы керек, әлеуметтік әділеттілік принципін сақтауымыз керек», — деді облыс әкімі медицина мамандарын кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада.

Сол сияқты табиғаты көркем, суы мол өңірде ауыл шаруашылығы, өңдеу өндірісі, туризм салаларын дамытуға, аймаққа жаңа инвесторлар тартуға басымдық беру керек деп топшылайтынын айтты.

Референдумның соңын ала басталған барлық саладағы жаңғыру жолдарын жұртшылық өкілдері бірден байқады.  Республика аумағында үлкен серпілісті қадамдар тың қарқынмен басталды.

Қорытынды

Қаланың облыс орталығына айналған жемісті жылдары ел тарихының мақтанышпен айтар бір парасы екенін айтқан дұрыс. Бүгінде күллі түркі дүниесінің, тіпті әлемнің назарына іліккен көне шаһардың экономикалық-мәдени дамуы өз биігінде қалыптасып жатыр. Бәрінен бұрын Түркістан облысының қарапайым тұрғындары мен билік өкілдері Арыс қаласындағы тосын оқиға мен Мақтаралдағы апатты жағдайда, зардап шеккендерге жедел қол ұшын беріп, мұсылман халықан тән  адамгершілік пен қайырымдылықтың ерен үлгісін көрсетті.

Ажары ашылып, базары кірген, түрленіп, қайта түлеген өңірдіңеңбектен табар бақыты алда. Жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы жақсарған үстіне жақсара түсуде.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «жаңадан құрылған үш облысқа елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, өңірді экономикалық дамыту жөнінде ақыл –кеңес беруге әзірмін деуі» түркі дүниесінің киелі қара шаңырағына айналуға бағыт ұстап, қарыштап дамып келе жатқан өңірдің бейнеткеш халқы мен билік өкілдерінің бірлесе атқарып жатқан  қажырлы қызметтері мен жұмысына, жыл он екі ай құмырсқаша қыбырлап бар жобаны жүзеге асырып жатқан құрылысшыларға арқа сүйегендік деп түсінуге болады.

Әрине, мұның барлығын бір орталықтан басқарып отырған штабтың жетекшісі, барша жобалардың командирі, мемлекеттік қызметтегі білігі мен іс тәжірибесі толысқан  Өмірзақ Естайұлының еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. «Еңбек атаулының бәрі де бағалы, өйткені ол адамды ізгілендіреді» деп Лев Толстой айтқандай, тынымсыз тірлігімен ізгі қаланың тұрғындары атағына ие болуға бағдар ұстаған түркістандықтардың жаңа облыс тұрғындарымен іс-тәжірибе алмасуға қашанда құштар.

«Жаңа Қазақстанның»  шаңырағын бірлесе көтеріп, уығын шаншуға әрбір қазақстандық кетәрі болмаса керек.


ПІКІР ЖАЗУ