Бәйдібек: 2022-2023 жылдары аралығында «Қапшағай» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен туындайтын ағын су тапшылығы жөнінде аудан шаруаларымен жиын өтті
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиевтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде 2022-2023 жылдары аралығында «Қапшағай» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен туындайтын ағын су тапшылығы мәселесі қаралды.
«ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы басшысының орынбасары М.Әлімбеков күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасап, 2022-2023 жылдары аралығында «Қапшағай» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы бөлінгендігін, оның ішінде 2022 жылға бөлінген қаржыға аталған су қойманы қоршау жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Қалған қаржы 2023 жылға жоспарланғандықтан келесі жылға суару маусымына ағын су жиналмайтындығын атап өтті.
Жиында аудандық мәслихат хатшысы А.Кенехан «Комсомол» каналы арқылы Алғабас пен Жамбыл ауылдық округіне қарасты 103 шаруа қожалықтардың 2649,9 гектар суғармалы жері суғарылады. Алайда, үстіміздегі жылы «Қапшағай» су қоймасында пайда болған техникалық ақау салдарынан аталған су қоймадан 9,1 млн текше метр су «Шаян» өзені арқылы «Арыс-Түркістан» каналына босатылғандықтан ағын су тапшылығы орын алды. Келесі 2023 жылы да шаруаларға ауыр тимес үшін су қоймадағы ағын су мөлшерін сақтап қалу тетіктері болған жағдайда, суармалы маусымда ағын су тапшылығын шешу жолдары қарастырылса деген пікір білдірді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Әуелбеков «Шаян» өзені бойында орналасқан елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігі бірінші кезекте болғандықтан, күрделі жөндеу жұмыстары құрылыс нормаларына сай жүргізілу қажеттігін ескертті.
Аталған жиынға арнайы қатысқан шаруалар қатарынан Н.Арынбеков, Ә.Атағұлұлы және П.Шардарбеков өз пікірлерін білдіріп, күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша сұрақтарын қойды. Қойылған сұрақтарға «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы басшысының орынбасары М.Әлімбеков, пайдалану бөлімінің басшысы Б.Пірматов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Б.Қалдыбеков, «ҚазСуШар» РМК ТФ аудандық бөлімшесінің басшысы М.Нұрымбетов жауап берді.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселені талқылай келе, жиын қорытындысымен арнайы қаулы қабылданды. 2022-2023 жылдары «Қапшағай» су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен туындайтын ағын су тапшылығына сәйкес «Комсомол» каналының бойынан су алатын шаруалардың егін алқабына ағын су беруге шектеу қойылуы мүмкін екендігін шаруалар назарына арнайы хабарлама арқылы жеткізу, шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды мерзімінде қабылдау жөнінде Бақыт Қырғызалиев тиісті бөлімдер мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі