Отырар аудан әкімі қоғамдықтармен кездесті
Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Қоғам ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл округіндегі өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде аудан басшысы бұған дейін басқосуларда тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өзге де мәселелердің орындалу барысын баяндады. Естеріңізде болса сәуір, мамыр, маусым айларында барлық ауыл округтерінде кездесу жиыны өткізіліп, әрбір елді мекенде өзекті мәселелер айтылып, нәтижесінде аудан бойынша 95 мәселе көтерілген болатын. Тұрғындардың көпшілігінің басты мәселелері ауыз су, ағын су, жайылым жер мәселесі, табиғи газ, жол жөндеу, мектеп, балабақша, емхана, спорт және ойын алаңшаларын салу, интернет желісі, аяқжол, жарықтандыру, абаттандыру және тағы басқа мәселелер.
Соның ішінде, 2022 жылдың 3 мамыр күнгі Қоғам округі тұрғындарымен кездесу жиынында 13 мәселе көтерілген еді. Бүгінде аталған мәселелердің 3-еуі оң шешімін тапса, 1 мәселеге түсініктеме берілді, ал қалған 9 мәселе орындалу үстінде.
Есепті мерзімде Қоғам ауылындағы Ынтымақ көшесінің 1,1 шақырымына тас, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі №2 көшеге асфальт төселсе, Талапты елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшесінің бойына абаттандыру және жарықтандыру бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Қоғам ауылындағы Ұ.Арғынбеков даңғылы бойының ауыл әкімшілігі мен Арыстанбаб кесенесі аралығында жаңа тұрғын үйлер алабын электрмен қамту желілерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілмек.
Кездесуде аудан әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берген тұрғындар бұдан өзге де мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Жиында көтерілген ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын айтқан аудан басшысы жиыннан соң ауыл азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.