Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыстар жүргізілуде
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесті. Сол жүздесуде Президент Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерді. Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысшы тобы құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жетекшілік етеді. Бүгін аталған жұмысшы тобының жиыны өтіп, оны жұмысшы топ жетекшісі жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысының Түркістанға ерекше мәртебе беру тапсырмасына байланысты жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Арнайы жұмысшы топ құрылып, оның құрамына өздеріңіз еніп отырсыздар. Мемлекеттік орган өкілдері жұмысты үйлестіргенімен, біз бұл аса маңызды бастаманы жүзеге асырарда әрбір ұсынысты назарда ұстауымыз керек. Өйткені әр саланың өз мамандары, зерттеушілері бар. Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін өте маңызды. Ал ол қалай жүзеге асуы керек? Мән-мағынасы, негізгі идеологиялық және экономикалық бағыттары қандай болады? Бұл әбден екшеліп, арнайы құжаттар арқылы ресімделуі тиіс. Ал ол үшін тарихшылар, археологтар, руханият саласының өкілдері, туризм саласының білгірлері, заңгерлер, ясауитанушылар, сәулетші-архитекторлар мен жалпы Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды. Сондықтан осы бастамаға қатысты өз ойын айтып, үлесін қосамын дейтін қайраткерлердің ұсыныстары жинақталып, алынғаны жөн. Осы жұмысқа бар ынталарыңызбен атсалысуларыңыз керек, – деді Б.Дәулетұлы.
Күн тәртібінде Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бағытындағы хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Мәдениет және Облыстық туризм басқармасы өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан басталған жұмыстар да баяндалды. Жұмысшы топ құрамына енген басқарма басшылары мен өкілдерінің, сәулетшілердің де пікірлері айтылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» заңнамасына ұсыныстар жинақтау жөніндегі бастапқы қадамдар да сараланды. Жұмысшы топ жинақталған ұсыныстар жүйеленіп, сол бойынша жұмыс жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі