«Жаңа қойылымда жас әртістерге басымдық беріледі»
Бұл туралы бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өткен «Шинель» спектаклінің премьерасы туралы баспасөз жиынында хабарланды. 21-22 қаңтар күндері Түркістан музыкалық драма театры жаңа туындыны көрерменге ұсынады.
Н. Гогольдің «Шинель» повесті бойынша қойылатын шығарманың инсценировкасын жасаған әрі қоюшы режиссері – Фархат Молдағали. Ол бірнеше халықаралық фестивальдің жүлдесіне ие болған талантты режиссер. Бұған дейін ол театр репертуарындағы «Фариза» қойылымын сәтті сахналаған болатын.
Спектакльде «елеусіз шенеуніктің» образы арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді. Басты кейіпкер – Башмачкин өмірінің соңына дейін тіршілік үшін күреседі. Оны кедейлік пен өзгермейтін бірқалыпты тіршілігі әбден шаршатады. Айналасы оның адам сияқты өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Мазақтайды, қорлайды, намысын таптайды. Бірақ ол қарсылықсыз соның бәріне көнеді. Адамдардың әлеуметтік деңгейі мінез мен қабілетке де байланысты болатынын «әлсіз шенеунік» аңғармайды. Ескі шинелін жаңасына айырбастағанда, көрген қорлығы мен адамдардың озбырлығынан «әлсіз шенеунік» алғаш рет бас көтеріп, «маңызды тұлғаға» шағымданады. Қатігез қоғамның тегеурініне шыдамаған оның тағдыры өліммен аяқталады. Әрі қарай фантастикамен жалғасатын спектакль көрерменге көп ой салады деп сенеміз дейді шығармашылық топ.
«Шинель» спектаклін дайындауға атсалысқандар: пластика бойынша режиссер – Шырын Мұстафина, педагог-кеңесші – Ерлан Кәрібаев, композитор – Ербол Нариманұлы. Сахна суретшісі – Нурлан Тулешов, театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.
Қойылым ерекшелігі барлық рөлді Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлары ойнайтын болады. Атап айтсақ, басты рөлдерде: Акакий Акакиевич – Айбек Боранбаев, Петрович – Қадыржан Төреханов, Софья Федоровна (Директор) – Айя Дәрібаева, Маңызды тұлға – Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Кемпір (үй иесі) – Мұзафар Ғалымжанұлы және театрдың жас актерлары мен балет әртістері.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі