Түркістан облысында құтқару жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр
Түркістан облысындағы су тасқынына байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік бірлесе құтқару жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда су басқан аумақтардан 154 адам және 200 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров мәлім етті.
«Жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруі бірнеше ауылды әбігерге салды. Нөсер жауын салдарынан Бәйдібек, Сауран және Ордабасы аудандарына қарасты 13 көше, 186 аула аумағы, 1 тұрғын жеке үйге су кірген. Барлық эвакуацияланған адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты. Бұл ретте, Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Ал Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай 2» каналында су деңгейі көтерілді. Қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылуда. Үйлерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2500-ге жуық құм толтырылған қапшық төселіп жатыр. Аудандарда су тасқының салдарынан құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Бүгінгі таңда жауын-шашын облыс аумағында тоқтады, алайда су ағыны жалғасуда. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Қауіпті аймақтарға техника мен күш жұмылдырылып жатыр», — деді Бақытжан Запаров.
Мамандардың айтуынша, 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 10 күндік мөлшерден асып түскен. Сонымен қатар, 2-4 ақпан күндері аралығында таулы аймақтарда жаңбыр, қар жаууы ықтимал.
Айта кетсек, облыс бойынша суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылған. Оның ішінде Бәйдібек ауданы бойынша 73 адам, 7 бірлік техника, 10 мотопомпа, Сауран ауданына 70 адам, 9 бірлік техника, 12 мотопомпа көмекке келген. Ал Ордабасы ауданы бойынша 160 адам, 33 бірлік техника, 3 мотопомпа жұмылдырылған.
Айта кетсек, бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су тасқынына байланысты өзге де аудан, қалалардағы жағдайды саралау мақсатында Төтенше жағдай департаментінде штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Сондай-ақ облыс әкімі Сауран ауданындағы Оранғай, Құсшы ата, Қарнақ елдімекендеріне барды. Жергілікті халықпен жүздескен аймақ басшысы табиғи апат салдарын жою жұмыстары жалғасатынын айтты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі