Түркістан: Еркін күрестен облыс чемпионаты басталды
Түлкібас ауданында еркін күрестен жөсөспірімдер мен жеткіншектер арасында облыс чемпионаты басталды. Тартысты өтіп жатқан бұл чемпионатқа 32 командадан құралған 500-ден астам балуан қатысып, өзара жеңімпаздарды анықтайды.
Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев пен Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт және Түркістан облысының күрес түрлері федерациясының президенті Бауыржан Мұсабеков арнайы қатысты. Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын болашақ саңлақтарға сәттілік тілеген азаматтар балуандарға алдағы өтетін ел чемпионатында табысқа жететіндеріне сенім білдірді.
– Наурыз айының 2-8 жұлдызы аралығында Талдықорған қаласында 15 жасқа дейінгі балуандар арасында ел чемпионаты өтеді. Сонымен қатар сәуір айында Семей қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жалауы желбірейді. Мақсатымыз – боз кілем төріндегі балуандар белдесуінің үздіктері мен тартысты күрес додасының мықтыларын анықтау, – деді Түркістан облысының жасөспірімдер арасындағы аға бапкері Абылайхан Рыспаев.
Түркістан облысының барлық аудан, қалаларынан сайдың тасындай іріктеліп қатысып жатқан чемпионат 27-қаңтар күні аяқталады. Жеңімпаз балуандар диплом, медаль, кубоктармен және облыстық күрес түрлері федерациясы тарапынан қаржылай марапатталатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі