Түркістан: Сарыағашта Италияда шығарылған құрылғы арқылы күрделі оталар жасалды

0

Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына Италия елінде шығарылған «Euroampli Alien 3030 Cardio» кардиохирургиялық операциялар мен зерттеулерге арналған мобильді ангиограф орнатылды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап жоспарлы түрде ота жасалуда. Жоспарлы түрде келген науқастарға МӘМС аясында тегін көмек беріледі. Ал шұғыл түрдегі отаға «Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек» (ККТМК-ГБОМП) түрімен жүзеге асырылып отырады.

Бүгін Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында 5 науқасқа жоспарлы түрде коронарографиялық ота және коронарлық артерияларды стенттеу отасы жасалынды. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен ШЖҚ «Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы» МКК-ның басшысы мамандарды оқытып, біліктіліктерін арттырып, медициналық көмек түрін аудан тұрғындарына ауқымды түрде жүргізуді жолға қойды.

Бүгінгі ота жасау кезінде аурухананың дәрігерлері алғашқы оталарын сәтті жасады. Ауруханада Сарыағаш ауданының тұрғандары ғана емес, көрші аудандардың тұрғындары да медициналық көмекке жүгіне алады. Нақтырақ атап өтсек, Келес ауданы, Мақтаарал ауданы, Қазығұрт және Шардара аудан тұрғындары коронарлық ангиография және коронарлық артерияларды стенттеу, аортография, төменгі аяғындағы ангиопластика және стенттеу артериографиялық ота түрлері бойынша Сарыағашта емделеді. Басты мақсат — заманауи көпсалалы орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғындарына жедел және мамандандырылған медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы облыс бойынша Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында алғашқылардың бірі болып қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыс жанданады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ