Түркістан облысында үш ауылға газ берілді
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Диқанкөл, Алшалы, Ұзынарық ауылдарына табиғи газ берілді. Тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз етуді «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. Бұл елдімекендерге табиғи газ «Зертас» автоматты газ тарату станциясынан (АГТС) беріледі.
630 отбасына табиғи газды жеткізу үшін 45,646 шақырым газ құбыры жүргізілді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталды. Жоба құны — 452 211 530 теңге. Газ өткізу жұмыстары республикалық және облыстық бюджет есебінен жүргізілді. Газ реттеуіш құрылғыларының саны — 481 дана.
Үйіне алғашқылардың бірі болып газ кірген ауыл тұрғыны Орынкүл Әбдезова бүгін ерекше қуанышты. Зейнеткер «көгілдір отын» шарапатын көруге ықпал еткен барша жанға алғысын жаудырды.
«Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін отын жарып, күл шығарып әуреге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Көмір мен отын да қымбат. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық. Барлығына рахмет айтамыз», — деді тұрғын.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды құттықтап, аудан инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жоспарға сай жүзеге асатынын атап өтті. Ауыл тұрғындарын құттықтаған газ мамандары тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар таратты.
«Газ, әрине, адам тұрмысын жеңілдететін игілік, бірақ сонымен бірге газбен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс»,- дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.
Елдімекендерді газдандыру жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі