Түркістан: Кентаулық оқушы роботты «қаражорғаға» билетті
Кентау қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Кентау оқушылар үйі балаларды жан-жақты дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Жаңалыққа құштар, ізденімпаз жасөспірімдер робототехника саласын да қатар меңгеруде. Олардың жұмыстары қазіргі заман талабына сай жаңа технологиялар негізінде жасалып жатыр.
Өнертапқыш балалар үйірме жетекшілерімен бірлесіп, қазақтың ұлттық биі «Қаржорға» биін билейтін биші роботын жасап, көпті тәнті етті. Технологиялық туындыны дайындау барысында «SPIKE» бағдарламасын қолданған. Мұнан бөлек, өнертапқыштардың жасаған үйлерінің эскиздеріне қарап, болашақ құрылыс жобалаушылары өсіп келеді деуге болады.
Оқушылар тарапынан жаңа ғылыммен ұлттық құндылықтарды байланыстыра отырып, арқан тартыс, теңге алу сынды ұлттық ойындарына арналған роботтар құрастыру ісі де жүзеге асуда. Сондай-ақ оқушылар «Gorel Draw» бағдарламасы арқылы да жобалар әзірлеп, оны лазерлік, фрезерлік станокпен ойып шығару арқылы киіз үй, сандық, бесік тағы да басқа қазақтың ұлттық бұйымдарын жасауда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі