Түркістан: Мемлекеттік грантқа өтінім қабылдау басталды

0

Бүгін, 20 ақпаннан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында өз ісін ашуға ниетті азаматтардың бизнес жобалары үшін гранттарға өтінім қабылдау басталды. Өтінімдер онлайн форматта business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.

Грант үлестіру жұмыстары екі бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, жұмыссыздар, жеке дара кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған) және әлеуметтік санаттағы азаматтар үміткер бола алады.

  • еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адам (жұбайы не зайыбы);
  • «қандас» мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар (көші-қонға қатысушылар);
  • көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы не зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
  • аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
  • мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған дара кәсіпкер;
  • жұмыссыздар

Грант сомасы 400 АЕК мөлшері негізінде 1 млн.380 мың теңгені құрайды. Түркістан облысы бойынша 1 688 адамға гранттар беру жоспарлануда.

Үміткерлерге қойылатын талаптардың бірі — соңғы 3 жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты аяқтағаны туралы сертификатының болуы. Жоба қатысушысы тек бір рет грант иегері атануға мүмкіндік алады яғни жобаға екінші рет қатыса алмайды.

Гранттар мал мен жануарлар, құстар, көшеттер, бұталар мен тұқымдар, қажетті еңбек және технологиялық құрал-жабдықтары, сатып алуға, бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайлар, сауда объектілерін жалдау ақысын төлеу және пайдалануға сенімгерлік басқару үшін яғни тек нысаналы мақсаттарда қамтасасыз етіледі. Ескере кететін жәйт, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй салуға немесе сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге гранттар қарастырылмайды.

Атап өтерлік, 2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасы» аясында 120 269 адам жұмыспен қамту шараларына жолданған. Оның ішінде 600-ден астам азамат қысқамерзімдік кәсіптік оқытуға жолданып, жаңа бизнес жүргізу үшін 2900-дей адамға грант берілді. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша аталған жоба негізінде 9211 адам қатысып үлгерді. Оның ішінде 6849 адам жұмысқа орналасса, 3497-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Аталған шаралар жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ