Шымкентте 19 жыл бұрынғы жантүршігерлік кісі өлімі бойынша сот жүріп жатыр

0

Шымкентте осыдан 19 жыл бұрын болған жантүршігерлік кісі өлтіру оқиғасының мән-жайы айтылды. Сот процесі қаланың мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтті.

Іс құжаттары бойынша, 2004 жылы сотталушы досымен бірге танысын өз үйінде өлтірген. Кейін болжамды кісі өлтірушілер барлық дәлелдерді өртеп, мәйітті көшедегі дәретханаға жасырған. Ал жазадан құтылу үшін екі ер адам Ресейге қашып кеткен. Бүгін сотта прокурор күдіктілердің біріне 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал оның сыбайласы жазаға тартыла ма?

Шымкент тұрғыны 19 жыл бұрын жасалған қатыгездікпен кісі өлтіру ісі бойынша сотқа тартылды. Айыпталушы Ринат Ғазизов досы Юрийге жездесін «тәубеге келтіру» үшін көмектеспек болған. Өйткені ол әпкесін ұрып-соғып, Юрийдің дос қызына тиіскен. Ринат мылтық тауып, Юра алкоголь болатын достық кездесу ұйымдастырған. Тергеу мәліметтері бойынша, Ринат екі рет оқ атқан. «Марқұм» оқиға орнында тіл тартпастан көз жұмған.

Кейіннен күдіктілер айғақтарды өртеп, мәйітті көше дәретханасының шұңқырына тастап кеткен. Жазадан құтылу үшін қашуға бел буған. Айта кетейік, оқыс оқиға орын алғанда Ринат 22 жаста, ал оның досы Юрий 16 жаста болған.

Сот процесінде Ринат Ғазизов өз кінәсін мойындаған жоқ. Айыпталушы қараусыз қалған ғимараттан тапқан мылтықты өзімен бірге алып келгенін айтады. Алайда, екі ретінде де оқты Юрий атты дейді ол.

Ринат Ғазизов, сотталушы: «Мен кінәлі емеспін, сондықтан мойындамаймын. Мен оған тіпті көмектескен де жоқпын. Мылтық әкелгенімді және Юрий Хритоновтың үйінен мылтықпен кеткенімді және Қазақстан аумағынан кеткенімді мойындаймын. Адам өлтірілген қару менікі болғандықтан мені соттайды деп қорықтым».

Кісі өлтірді деп айыпталған Ринат Ғазизов 2018 жылы Шымкентке оралған. Ол осы жылдың наурыз айында ұсталып, түрмеге қамалды. Екінші айыпталушы – Юрий азаматтығын өзгерткен, ол қазір Башқұртстанда.

Нұржан Есболов, мемлекеттік айыптаушы: «Марқұмның ағасы Валишин Салават 2004 жылдың 2 тамызында кешке жұмыстан оралғанын айтты. Ол Азаттың үйінде уақытша тұрған және келген уақытында ешкімнің болмағанын, Азатты іздеп, таппағанын көрсетті. Ол үйге келгенде, көкөніс бақшасында жанып тұрған қоқысты көрген және көшедегі дәретхананың шұңқырына құрылыс қоқыстары тасталғанын байқаған. Куәгер Соловьев сол кездегі Шымкент қаласының «Зеленая балка» көшесінде Валишин Азаттың үйінің жанында тұрғанын, яғни олардың үйлерін тек қоршау бөліп тұрғанын көрсетті.

2004 жылдың 2 тамыз күні кешке Валишиннің үйінен үш адамның дауысы естілді, олар бір-бірімен сөйлесіп, әзілдесіп отырған. Вилдановтың дауысы, яғни Юрий Харитоновты ол бірден таныды, өйткені ол бұрыннан таныс, ал үшінші дауыс оған таныс болмаған. Кейін ол екі рет мылтық атқанға ұқсас дыбыстарды естіген. Бұл – кешке Валишиннің үйінде ішімдік ішу кезінде Ғазизов пен Вилданов Валишин Азатты бірге өлтіргенін дәлелдейді».

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал қорғаушы тарап жазаны тым қатал деп есептейді. Адвокаттың айтуынша, куәгерлер өздерінің куәліктерінде Ринатты қарумен көргендерін айтпаған. Олар тек бірнеше рет оқ атқан дыбыстарды естігендерін жеткізген.

Ержан Төленбаев, сотталушының адвокаты: «Барлық куәгерлер Ринат Ғазизовты көрмегендерін мәлімдеді. Тергеушілер олардың жауап алуын бұрмалады. Іс шамамен 20 жыл бұрын болған, ешкімнің есінде жоқ. Ринат Ғазизовтың кісі өлтіруге ниеті болған жоқ, өйткені олар марқұммен жақсы таныс емес және бір-бірін бірнеше рет қана көрген».

Сот процесіне марқұмның ағасы да шақырылды. Ол қылмыстың көп жыл бұрын болғанына қарамастан, кінәлі заңды жазаға тартылуы керек деп есептейді.

Салават Валишин, марқұмның ағасы: «Үкім қалай шығарылатыны бойынша мен бәрімен келісемін. Себебі қылмыстың әрқашан жазасы болуы керек. Мен шынайы қылмыскер жазаланса деймін».

Шулы іс бойынша соңғы үкім 17 шілдеде шығарылады. Айыпталушы өмірінің қанша жылын қай жердегі темір тордың артында өтейтінін Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы шешеді.


ПІКІР ЖАЗУ