Дархан Сатыбалды жолдаудағы басым бағыттар өңірдің дамуына оң серпін беретінін жеткізді

0

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 2023-2024 оқу жылының ашылу салтанаты өтті. Мерекеге Түркия Республикасының Конституциялық Сот Төрағасы Зухту Арслан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова және Мәжіліс, мәслихат депутаттары мен заң саласының өкілдері, ұстаздар мен студенттер қатысты.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды универстет ұжымы мен студенттерді жаңа оқу жылының ашылуымен құттықтады. Салтанатты жиынға қатысып отырған екі елдің заң саласының білгірлеріне, мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіріп, бауырлас Түркиямен байланыс өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Түрік әлемінің рухани астанасы қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер дейміз! Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы басым бағытарға тоқталып, өңірді дамытуда ауқымды жұмыс атқару міндеті жүктелгенін жеткізді.

– Құрметті ұстаздар мен студенттер! Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында аса маңызды мәселелерді көтеріп, нақты міндеттер жүктеді. Елді дамыту бағытындағы жоспарларын баяндап, жаңа экономикалық үлгіге өтуіміздің стратегиясын айқындап берді. Жолдауда Түркістан облысын дамытуға тікелей әсер ететін бастамалар көтерілді. Оның ішінде, су саясаты, ауыл шаруашылығын дамыту, аймақтарды сапалы жолмен, инфрақұрылыммен қамту жөніндегі тапсырмалары өңірдің экономикасын көтеруге тікелей ықпал етеді. Сондықтан өңір тұрғындары Жолдауды үлкен үмітпен, қызығушылықпен қабылдады. Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында жастарға зор үміт артатынын жеткізді. Бұл ретте Жолдауда жүктеген міндеттерді орындау үшін университетпен бірге атқаратын ортақ жобаларымыз өте маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру – біздің маңызды стратегиялық міндетіміз». Осы орайда, биыл Түркістан облысы әкімдігінің атынан Ясауи университетінің қос дипломды бағдарламалары үшін алғаш рет бөлінген 50 гранттың 35-і IT саласы мен жасанды интеллектті дамытатын жастарға арналып отыр. Олар заманауи және озық білім алып, еліміздегі IT индустриясын дамытуға атсалысады, – деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды Жолдауда адам құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл аударылғанына тоқталды.

– Бүгінгі іс-шара Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясына 75 жыл және 2024 жылы Қазақстанның Бала құқықтары туралы Конвенцияны қабылдағанына 30 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылып жатқаны ерекше қуантады. Адам құқығын қорғау – маңызды міндет. Президентіміз Жолдауда атап өткендей, бұл салада шешімі кезек күттірмейтін мәселелер көп. Түркістанға арнайы келген мәртебелі қонақтарымыз – екі елдің Конституциялық сот төрағалары және судьялары, депутаттарымыз бен заңгерлерімізге алғысым шексіз. Құрметті студент жастар! Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы аталған уақытта өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Шаһарымызда жалынды жастар үшін көптеген мәдениет, руханият, спорт нысандары салынды. Жуырда ғана «Мұз сарайы» пайдалануға берілді. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бұның бәрі – Сіздер үшін үлкен мүмкіндік! Ендеше өңіріміздің терең тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек, – деді облыс әкімі.

Жиында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова мен Түркия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Зухту Арслан студенттерге заң саласына қатысты білгендерін бөліссе, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да көпшілікті құттықтады. Университет ректоры Жанар Темірбекова мен оқу ордасының Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұхиттин Шимшек те студенттерге сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 650 мыңнан астам жас бар. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алғашқы орында тұр.


ПІКІР ЖАЗУ