Шымкент: төтенше жағдайлар қызметкерлері оқу жаттығуын бастады
Шымкентте бүгін таңертең дабыл соғылды. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері осылайша қала аумағында «Жер -2023» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуын бастап кетті. Аталған іс -шара үшінші мегаполистің 5 ауданында ұйымдастырылды.
Нұртастықтар жер сілкінісінен аман қалып, қауіпсіз жерге орналастырылды. Шараның негізгі мақсаты – көпқабатты үй тұрғындарына апатты жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын практика жүзінде көрсету. Оқу бағдарламасына сәйкес, төтеншеліктер, медицина мамандары мен полиция қызметкерлері Қаратау ауданына қарасты «Аман» тұрғын үй кешені азаматтарын табиғи апаттан құтқарып, эвакуациялады.
Төреғали Үркімбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы: «Шымкент қаласы бойынша жер сілкінісі салдарын зардаптарын жою бойынша азаматтық қорғау қызметтерімен практикалық іс-шаралар пысықталуда. Қазір көріп жатқандарыңыз «Аман» тұрғын үй кешенінде жер сілкінісі кезінде адамдарды құтқару, эвакуациялау, газ, су, жарық аварияларын жою сияқты практикалар пысықталды».
Аяқ асты орын алатын қауіпті оқиғалар азаматтардың үрейін арттырып, олар сол мезетте қауіпсіздік шараларын естен шығаруы әбден мүмкін. Сондықтан осындай іс жүзіндегі шаралар қала халқын төтенше жағдайларға дайындығын пысықтайды дейді мамандар.
Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясының бас дәрігері: «Бүгін жаттығу болған жерде 3 бригада қызмет атқарды. Ол жерде біз 7 науқасты алып кеттік. Арнайы медпунктке жатқыздық. Барғанша оларға қызмет көрсеттік. Одан басқа осындай жаттығу болып жатқан 8 жерге 8 бригада қызмет атқарды. Халыққа дабыл қағып, үйлеріңізден шығыңыздар деп, газ, свет, су өшіріңіздер деп бүкіл қалаға 40 бригада шығып, халыққа ақпарат берді».
Шара соңында эвакуацияланып, үйсіз қалған азаматтарға арнайы шатырлы қалашықта көмек көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, Шымкент қаласында ҚР ТЖ министрлігінің тапсырмасымен ұйымдастырылып жатқан арнайы оқу-жаттығу 2 күнге жалғасады.