Түркістан облысында 11,6 миллиард теңге сомасына 2 018 жоба қаржыландырылды

0

 «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Осы күні өңірде аталған бағдарлама аясында 11,6 млрд теңге сомасына бас-аяғы 2 018 жоба қаржыландырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасы елге ерекше қажет екенін атап өткен еді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының табысын арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, ауыл экономикасын және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мол мүмкіндік береді.

Осы өңірдегі Сауран ауданы Оранғай ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп, өз кәсібін ашқан азаматтың бірі – Есімхан Досжанов. Ол аталған бағдарлама аясында 7 млн теңге көлемінде шағын несие алып, жылқы бордақылап отыр.

«Алдымен «AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту курсынан өттім. Сонда осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы жөнінде де көп мағлұмат алдым. Кейін, аталған жоба шеңберінде жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие алып, Батыс Қазақстан облысынан 20 бас жылқы сатып алдым. Бұл бағдарлама төрт түлікпен жан бағып отырған ауыл халқы үшін расымен де көп көмек болып отыр. Өз басым, осыған анық көз жеткіздім. Жеке шаруашылығымды ашып, ырысым молайып келеді. Мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да мал басын көбейтуді көздеп отырмын», – деді шаруа.

Айта кетейік, Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді. Ал Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы 16 ауданның 64 ауылдық округін қамтып, 75 кооператив құрылды. Бүгінде бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ