Жамбыл: егіс алқабы қурап кеткен жамбылдық шаруаларға 3,7 млрд теңге бөлінеді

0

Қуаңшылықтан егіс алқабы қурап кеткен Жамбыл облысындағы шаруаларға өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінеді. Тиісті қаулы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
 «ҚР Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне келген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферт түрінде аудару үшін 3 756 300 171 теңге сомасында қаражат бөлінсін. Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін. Жамбыл облысының әкімдігі 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі есепті ұсынсын», — делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Таңертең өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулы бүгін қабылданатынын айтып еді. 

Еске салайық, 22 тамызда Премьер-Министрдің өкімімен су тапшылығы болған Жамбыл облысындағы 6 ауданда өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Артынша егіс алқабы қурап кеткен жамбылдық шаруалардың шығыны өтелетіні белгілі болды.


ПІКІР ЖАЗУ