Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары. 10 елдің басшысымен келіссөз жасалды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында бірнеше мемлекеттің басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының аясындағы екіжақты келіссөздер бағдарламасы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесуден басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті өтетінін айтып, аталған жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Премьер-министр Виктор Орбан мырзамен кездесеміз деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында Астана көшелерінің біріне Мажарстанның ұлт ақыны Шандор Петефидің есімі берілетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесуде Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты.

– Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда Сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығын оң бағалады.

Өз кезегінде Иран Президенті Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

– Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміздің әлеуеттері зор және осы мүмкіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігімізге қызмет етеді, – деді Ибрахим Раиси.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен кездесті.

Келіссөз барысында Президент Финляндияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі және инвестиция көлемі бойынша оның алдыңғы орында екенін атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайу үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Өз кезегінде Саули Ниинистё Қазақстан Финляндияның аса маңызды серіктесі және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара тиімді ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Финляндия Президентін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумының негізгі спикерлерінің бірі ретінде Қазақстанға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Президенті Алар Кариспен кездесу барысында екі мемлекеттің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев эстониялық әріптесіне Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, соның ішінде шетелден инвестиция тартуға және инвесторларды қорғауға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет берді.

Тараптар өзара ортақ мүддені көздейтін салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады және бір-бірін өз елдеріне арнайы сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және БҰҰ, Еуропалық Одақ, ЕЫҚҰ аясындағы көпжақты қатынастарды қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесу барысында Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

– Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Біз Подгорицада өз Консулдығымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған салалардағы оң нәтижелерге, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтағы жетістіктерге қарай сіздің еліңізде елшілігімізді ашуымыз мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті.

– Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның, Қазақстан және Румыния Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру керек екенін айтты.

Өз кезегінде Клаус Йоханнис Қазақстан мен Румыния арасындағы екі жақты ынтымақтасты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

– Мен және менің командам бүгін сіздермен осы жерде кездескеніміз үшін қуаныштымыз. Өйткені біз сенімді экономикалық және саяси серіктес елдерміз. Осы кездесу алдында мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынасының тарихымен таныстым. Сізбен саяси диалогты жоғары деңгейде нығайтуға зор мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді Румыния Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соузамен кездесті. Мемлекеттер басшылары екі елді достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Тараптар инвестиция, су ресурстарын басқару, туризм және басқа да салалардағы жан-жақты қатынастарды одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екенін айтты.

Цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

– Сіздің елдің IT саласындағы тәжірибесі мол. Осы бағыттың болашағы зор екенін ескере отырып, мен Лиссабонға бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін зерделеу үшін арнайы делегация жіберемін. Қазақстан португалиялық серіктестермен тығыз байланыс орнатуға мүдделі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен кездесуде сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелерін талқылады. Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді.

– Мен Кенияның даму барысын, экономикалық және сыртқы саясатын қадағалап отырамын. Сондай-ақ Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайынмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды Кения экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Мемлекет басшысы Уильям Рутоны келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесуде екі ел арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, Қазақстан мен Моңғолияның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтты. Кездесу соңында президенттер жақын арада бір-бірінің еліне сапармен бару мүмкіндігін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркқа жұмыс сапары Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен қорытындыланды.

Қазақстан Президенті екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мысалы, еліміздің нарығында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар белсенді қызмет етіп жатқанын айтуға болады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдар өндірісін, атом энергетикасын дамыту салаларындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.

Корея Президенті Юн Сок Ёль Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды қолға алуға ерекше қызығушылық танытады.


ПІКІР ЖАЗУ