Сарыағаштық бұрымды елорда төрінде атой салды
Астана қаласы “Ұлытау” спорт комплексінде 2006-2007, 2008- 2009 жылы туған жастар мен жасөспірім қыздар арасында бокстан ҚР чемпионаты өтті. Сарыағаштық боксшы аруларымыз рингте озық ойын үлгісін көрсетіп Түркістан облысының қоржынын майлап үлгерді. Байрақты бәсекеде Сарыағаш ауданынан 8-ге тарта жас боксшы қатысты. Нәтижесінде, 52 келі салмақ дәрежесінде қызылжарлық Бағжан Отынбай айқын басымдықпен жеңіске жетіп бокстан ҚР чемпионы атанды.
«Менің боксқа деген қызығушылығым Олимпиада шыңын бағындырған ең жас боксшы Бекзат Саттарханов ағамыздың атына арнап түсірілген киносын көргеннен соң пайда болды.Сол сəттен олимпиаданы бағындыруды мақсат тұттым. Арман мақсатқа, ал мақсат жеңіске жетелейтінін түсініп, 16 жасымда былғары қолғап киіп, боксқа қадам бастым. Бапкерім Болат Беласаровтың қолдауымен биікті бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуіме қолдау көрсетуде. Спортқа деген құлшыныс, табанды еңбектің арқасында Қазақстан Республикасының чемпионы атандым» — дейді Бағжан Отынбай
Одан бөлек, 63 келі салмақта Аружан Жаңабай, 75 келі салмақта Шұғыла Нәлібайларда алтыннан алқа тағынды. Сонымен қатар, 50 келі салмақ дәрежесінде облыстың намысын қорғаған сарыағаштық Асем Мұрат үштікті түйіндеді.