Әзербайжандықтар ЕО-ның Грузиядағы кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізді

0

Грузияда тұратын әзербайжандықтар Тбилисиде Еуропалық Одақтың дискриминациялық тәжірибесі мен қос стандарттарға қарсы митинг өткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Наразылық шарасы 28 қаңтар күні Тбилисидегі Еуроодақ кеңсесі алдында өтті. Шерушілер Әзербайжанның аймақтағы бейбітшілікті жақтайтынын айтты.

Акция барысында армяндардың Грузия жұртшылығына шындықты бұрмалап жеткізуге тырысып, шатастырғысы келетіні айтылды.

Акцияға қатысушылар Армениядан Әзербайжанға қарсы лаңкестік әрекетті тоқтатып, Әзербайжанға миналанған аумақтардың картасын беруді талап етті.

Шерушілер еуропалық институттардың Әзербайжанға қатысты қос саясат ұстанатынын да мәлімдеді. Наразылық акциясы өтетін жерге жүзден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.

Дәл осы күні Еуропадағы Әзербайжан әйелдерінің қауымдастығы Гаагада наразылық акциясын өткізді. Ұйым жетекшісі Маисса Агамирзаева халықты қорғау үшін Әзербайжанға азат етілген аумақтардың нақты мина картасын беруді талап етті.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтарда Әзербайжан мәдени орталықтарының өкілдері Швейцарияда БҰҰ-ның Женева кеңсесі алдында Арменияның азат етілген жерлерге қойған миналар мәселесіне назар аудару үшін наразылық акциясын өткізген болатын.

Бұған дейін Арменияның жұмыс каналдары арқылы әзербайжан жағына мина алаңдарының жаңа карталарын беретіні хабарланған. Армения Әзербайжан аумағындағы мина алаңдары туралы 972 бланкілерді Әзербайжанға тапсырған. Армян тарапы оның қарамағында бұдан да жоғары сапалы карталардың жоқтығын және берілген карталар Қарабақ әскери қызметкерлері арқылы алынғанын бірнеше рет мәлімдеген.


ПІКІР ЖАЗУ