47 ауланы су алған – тасқын оңтүстік өңірлерге де келді

0

 Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш өңірлерде тасқынмен 46 мыңнан астам адам арпалысып жатқанын айтты.

«Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Кустовое, Вагулина, Красноярка, Соколовка, Долматово ауылдарынан, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс ауылынан, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының саяжай алаптарынан, Ақмола облысы Жақсы ауданының Есіл ауылынан, Жарқайың ауданының Львовское ауылынан, Қостанай облысында Жангелдин ауданының Тәуіш ауылынан 2 834 адам алдын ала эвакуацияланды, олар эвакуациялау пункттеріне және туыстарының үйлеріне орналастырылды», — деді ол.

ТЖМ өкілі оңтүстік өңірлерде жауын-шашынның молдығынан тасқын тіркелгенін атап өтті.

«Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылында, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында 47 аула аумағы су астында қалды. Құмқап төсеп, арық тазарту, су бұру жұмыстары жүргізілді.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 46 мың адам, 4 634 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 17 әуе кемесі жұмылдырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тасқын кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, эвакуациялау пунктерінен рұқсатсыз кетпеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады», — деді Ерасыл Сайпаш.


ПІКІР ЖАЗУ