«Қытай-Қазақстан шекарасында дамбы жарылды». Министрлік ресми мәлімдеме жасады
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытайда су бөгеттің бұзылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қытайлық әріптестерімен үнемі байланыста. Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жібергендері туралы хабарлады.
Елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінде су жіберу көлемі секундына 1700 текше метр, судың деңгейі 543 см. Ағынды судың келуін ескере отырып, Боран ауылы аумағында Қара Ертіс өзеніндегі гидрологиялық бекетте су деңгейі көтеріледі деп күтілуде. Осыған байланысты ШҚО «Қазсушар» филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген кестеге ауыстырылды. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу секундына 500 текше метрден 800 текше метрге дейін ұлғайтылды. Жағдай министрдің жеке бақылауында. Ертең ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысына барады. Бүгін өңірде вице-министр Нұрлан Алдамжаров жүр, — деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Еске салсақ, бүгін Қазақстан мен Қытай шекарасында дамбы жарылғаны хабарланды. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының әкімдігінде ақпаратты растады.