Ұлттық ұлан жауынгерлері 6 мыңға жуық адамды эвакуациялады

0

 ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері Атырау облысында тәулік бойы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Атырау облысында әлі күнге дейін жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Су Атыраудың солтүстік бөлігіндегі елді мекендерге қауіп төндіруде. Қазір облыс орталығының маңында Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі байқалып отырған бес учаске қалды. Қазіргі уақытта су Алмалы және Бесікті ауылдарына жақындады.

Қоғамдық тәртіпті қорғауға Атырау мен Құлсарыға әскери бөлімдерден 300–ге жуық әскери қызметші тартылды. Олардың арасында 5546 (Атырау қ.), 6655 (Ақтөбе қ.) және 5571 (Алматы қ.) әскери бөлімдерінен келген жауынгерлер бар. Мұнда 200 сарбаз іс-сапармен жіберілген. Ұландықтар елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік атқарып,

бөгеттерді қосымша шифермен нығайтып жатыр. Жағалауды нығайту жұмыстарына және тәулік бойы кезекшілікке ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері белсенді қатысуда.

Ұландықтар полицейлермен және құтқарушылармен бірлесіп су тасқынына қарсы іс – шараларды, соның ішінде инертті материалы бар қапшықтарды дайындау мен төсеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Жалпы саннан 160-қа жуық әскери қызметші Бесікті кентіндегі каналда жағалауды нығайту жұмыстарына қатысуда. Олар жағалау бойына екі қатар етіп 2000 құм толтырылған қап салды.

Сонымен қатар, Атырау полкінің жеке құрамы Құлсары қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Әскери қызметшілер осы ірі елді мекенде екі ауысымда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.

Айта кетейік, су басқан аймақтарда су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері салдардың алдын алу және жою, сондай-ақ ықтимал тонаудың алдын алу үшін тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікті атқару үшін 3500-ге жуық ұландық жұмылдырылды.

Олар 170-ке жуық автомобиль және арнайы техниканы пайдаланды, ұзындығы 150 км-ден астам жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 2 миллионнан астам инертті материал салынған қап дайындалды және төселді. Су тасқыны орындарына 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және гуманитарлық көмек ретінде келген 2700 тонна жүк түсірілді.

Сонымен қатар, Ұлттық ұлан авиациясының екі әскери-көліктік ұшағы 46 мәрте көкке көтерілсе, бес тікұшақ 115 мәрте ұшу тапсырмасын орындаған. Әскери тәртіп сақшылары эвакуациялаған 5510 тұрғынның әрбір 11-ін ұландық ұшқыштар қауіпсіз жерге жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ