Тоқаев: БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды

0

 Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдастықты нығайтуға ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның салалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды деп санаймыз. Биыл қаңтар айында ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз мұны құптаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы спикерлерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның барлық саласын, соның ішінде саясат, экономика және идеология бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласына тоқтала келіп, еліміздің ЖІӨ көлемі 265 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.

2023 жылы шетелден 23 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Еліміздің халықаралық резервтері 100 миллиард долларға жуықтады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 13 пайызға өсіп, шамамен 15 миллиард долларды құрауға тиіс. Жақында мен кәсіпкерлік еркіндік пен бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту және бизнес шығындарын азайту арқылы экономиканы ырықтандыруға негіз қалайтын Жарлыққа қол қойдым. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды декриминализациялау арқасында бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі айтарлықтай күшейді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдерімен арадағы сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді

Былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 26 миллиард долларға жетті. Ал Қырғызстанмен арадағы сауда айналымы 1 миллиард 571 миллион долларды, Тәжікстанмен 1 миллиард 130 миллион долларды, Беларусьпен 912 миллион долларды құрады, – деді Президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы Ұйымға мүше әр елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ілгерілетуге және өзара үйлестіруге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ Кеңес қабылдайтын құжаттар ҰҚШҰ-ны одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы – Ресей Мемлекеттік думасының Төрағасы Вячеслав Володин, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы өкілдері Палатасының Төрағасы Игорь Сергеенко, Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомали сөз сөйледі.


ПІКІР ЖАЗУ