Шымкент: Қонаев даңғылындағы жол құрылысының ІІ кезеңі басталды

0

Бүгіннен бастап Қонаев даңғылының ІІ кезеңін жалғастыру үшін Әйтеке би көшесі Амангелді көшесінен Володарский көшесіне дейін жабылды. Өйткені, бүгін аталмыш даңғыл құрылысының екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.

М. Исаховтың айтуынша, нысанды айналып өту мақсатында көліктердің қозғалысы Қабанбай батыр, Ерманов, Володарский, Бостандық және Өзбек көшелерімен ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, Амангелді, Бостандық, Милицейская, Өзбек, Красноярская, Шымкент көшелерінің тұрғындары үшін осы орамның батыс бөлігінен қолданыстағы Қалдаяқов, 8 Наурыз көшелері арқылы қозғалуға және шығыс бөліктен Түркістан, Тоқаев, Әйтеке би көшелері арқылы кіріп-шығуға мүмкіндік қарастырылған.

— Қазіргі таңда сол маңайдағы тұрғын үйлерді жол құрылысына байланысты мемлекет мұқтаждығына қайтару шаралары атқарылуда. Ал кәсіпкерлік нысандарына арнайы орындар қарастырылған. Айта кету керек, құрылыс жобасы туралы біраздан бері насихаттық жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы ретте, орын алған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім өтініп, түсіністікпен қарауларын сұраймыз, — деді М.Исахов.


ПІКІР ЖАЗУ