Қай сала мамандарының жалақысы өсті
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында қай сала мамандарының жалақысы көтерілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол депутаттар сессияда бірқатар маңызды заң жобалары бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істегенін атап өтті.
Біз басты қаржы құжатын – Республикалық бюджетті қабылдадық. Осы құжат арқылы мемлекеттің денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да саладағы негізгі әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруды қамтамасыз етті. Мысалы, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ғалымдардың жалақысы көбейтілді. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын күшейту шаралары қабылданды. Студенттердің шәкіртақысы өсті, — деп айтты Ерлан Қошанов палаталардың бірлескен отырысында.
Мәжіліс спикері атап өткендей, шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерінің ақшалай табысы артты.
Биыл қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді.
Осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алдық. Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам көптен күткен мәселесіне нақты жауап болды, — деп атап өтті Қошанов палаталардың бірлескен отырысында.