Түркістан: Сарыағашта «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» науқаны жалғасуда
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аудан аумағында қарқынды жалғасуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен қолға алынған жалпы аудандық тазалық шарасында әр мекеме өзіне жүктелген аумақты таңғы сағат 08:00-ден бастап тазалық жұмыстары қарқынды жүргізді.
Осы орайда, аудан әкімі Сарыағаш қаласының аумағы бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының барысын арнайы барып, пысықтады.
Алдымен аудан басшысы Бәйтереков көшесінің аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын бақылап, жауапты «АРТД Групп» мердігер мекемесіне бірқатар ескертулер беріп, тазалық жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды.
Айта кетсек, аталған аумақтың тазалық жұмыстарына 15 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмылдырған. Мердігер мекеме тарапынан шөптерді ору, бей-берекет тасталған қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан әкімі көпқабатты тұрғын үйлер аумағына егілген жасыл екпелердің суғару жүйесінің іске қосылуын барысымен танысып, қала әкімі А. Ешанкуловқа арнайы тапсырмалар жүктеді.
Одан бөлек, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 тасжолы бойынан бөлінген аумақтарында бөлімдер және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстарының барысын бақылады.
Сенбілікке қала және ауылдық округі әкімдіктері, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және ауыл тұрғындары атсалысты.
Өткізілген сенбілік жұмыстарында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды тазалау, талдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ арық-атыздар тазаланды. Жалпы 18 техника жұмылдырылып, 6 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Акцияға 500-ден астам адам белсене қатысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі