Сарыағаш: ауданда «жайлы мектептің» құрылысы қарқынды жүруде
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауданға қарасты Дербісек және Жаскешу елді мекендерінде салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарының мән-жайымен танысты.
Дербісек елді мекеніндегі 900 орындық мектеп ғимаратына ішкі әрлеу, ішкі сантехникалық жүйе орнату және электр сымдарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы нысанда 162 құрылысшы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жаскешу елді мекеніндегі 900 орындық мектептің 1-ші және 2-ші қабатына электр сымдарын тарту, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай келе аудан басшысы, мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді, құрылыс жұмыстарына сапалы материалдарды қолдану қажет екенін ескертті.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген. Осы жоба аясында Сарыағаш ауданында 10 мектеп салу жоспарланған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі