Сарыағаш: аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округін аралады
Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, аумақта атқарылған жұмыстарды пысықтады.
Алдымен аудан басшысы 2024 жылғы жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №35 Б.Гафуров атындағы жалпы білім беретін мектебіне арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Құрылыс алаңында болған аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарын жоспарға сай мерзімінде сапалы аяқтау қажет екенін атап өтіп, білім бөлімінің басшысы Д.Ақатовқа бақылауды күшейтуді тапсырды.
Айта кетсек, мектептің толықтай жаңарту жұмысы ағымдағы жылы мамыр айының соңында басталған. Білім мекемесі күрделі жөндеуден кейін біршама өзгереді: үш қабатты мектептің ішкі жарықтандыру жұмыстары толықтай аяқталып, жылу жүйесі жаңартылды. Мектеп шатыры толықтай ауысып, спорт залдың шатыры жабылуда. Бүгінде, мектептің екінші және үшінші қабаттарына ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы аптада ғимараттың едені жаңарып, есіктері ауыстырылады. Нысанның қайта жандануы үшін 40-тан аса құрылысшы маман еңбек етуде.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі ауылдық округке қарасты көшенің бойына салынып жатқан аяқжолдың құрылыс жұмыстарынығ барысын саралады. Сонымен қатар, Жартытөбе ауылдық округ ақсақалдарымен кездесті. Кездесу барысында жер мәселесі талқыланып, аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына заң аясында жауап беріп, шешу жолдарына қарастыру бойынша ауылдық округ әкімі А. Ашировке тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, ауылдық округке қарасты Абылайхан көшесінің бойында аяқжолдың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі