Түлкібас ауданында жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер пысықталды
Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекетті білу, сізді және жақындарыңыздың өмірін қиын сәтте аман алып қалатының ұмытпаңыз.
Осы ретте, бүгін аудан аумағында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру және мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтау мақсатында сейсмикалық жаттығу өтті.
Жаттығу барысында мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен Т.Рысқұлов ауылы көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары арнайы дабыл қағылған соң, белгіленген уақыт ішінде қауіпсіз аймаққа шығып, ол жерде Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б.Әзімбаев жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын егжей-текжейлі түсіндірді.
Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы әрекет:
Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау қажет.
Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мен алаң. Сондықтан, бірінші дүмпуден кейін дабыл сөмкесін алып тез және қысқа жолмен далаға шығу керек.Балалар мен қартарды және өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Көпқабатты тұрғын үйде немесе жұмыс орнында лифтті пайдалануға тыйым салынады.
Айта кетерлік жалпы аудан көлемінде сейсмикалық оқу жатығуына 68 мекемеден 8895 адам, және көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары қатысты.