Отырар: аудан басшысы маяқұм ауылындағы өзекті мәселелермен танысты

0

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысу мақсатында Маяқұм ауыл округінде болып,  «Маяқұм» каналына тоспа орнату орнымен танысты. Аралау барысында шаруалармен, су саласының мамандарымен кездесіп, каналдардың жай-күйін талқылады.

Маяқұм каналы суармалы жерлерді игеру мақсатында 1985 жылы салынған. «Казсушар» РМК Түркістан филиалы «Отырар» өндірістік бөлімшесіне қарасты каналдан 73 шаруа қожалығы су ішеді. Бүгінде каналдың бас тоспасы ескіріп, жаңарту қажеттілігі туындаған. Сондай-ақ, шаруалар каналдың 19 шақырымына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныстарын айтты.

Аудан басшысы көтерілген мәселелерге байланысты жауапты сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі өз бақылауында болатынын атап өтті.

Одан әрі Бестам елді мекеніндегі ауыз су бекетінің жұмысымен танысты. Аталған нысанның құрылысы ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы басталған. Бүгінде ауыз су бекеті пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары игілігін көруде.

Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Маяқұм ауылының ауыз су жүйелерін жөндеу туралы ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан әкімі көтерілген мәселелерге байланысты жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ