Отырар: Шілік ауылындағы өзекті мәселелермен танысты

0

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапары барысында Шілік ауыл округінде болып, өзекті мәселелермен танысты. Елді мекендегі өрт сөндіру бекетінің жай күйін көріп, қызметкерлермен кездесті. 2022 жылы салынған бекетте 10 қызметкер жұмыс істейді. Аудан басшысы жаз мезгіліндегі аптап ыстықта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мекеме қызметінің маңыздылығын айтып, алдын алу шараларын күшейту керектігін атап өтті.

Одан әрі Шаян қашыртқысындағы бас тоспаны көріп, ауыл округіндегі ағын су мәселесімен танысты. 2008 жылы салынған тас тоспадан сыйымдылығы секундына 30 куб/м су өтеді. Ұзындығы 11 км құрайтын қашыртқыдан суғарылатын жер көлемі 1489 гектар.

Аралау барысында қашыртқының Ордабасы ауданы мен Отырар ауданындағы бөлігінде белгіленген ағын су тарифін реттеу мәселесі айтылды. Аудан әкімі аталған мәселені жан-жақты саралап, заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырды.

Мұнан соң Шілік ауыл округіндегі  «Абдрахман КМ» өндірістік кооперативінің шаруашылығымен танысты. Жалпы жер көлемі 200 гектарды құрайтын кооперативтің иелігіндегі 8 гектар жерге қарбыз, 92 гектарына қауын, 25 гектарына жоңышқа, 25 гектарына жүгері дақылы егілген. Шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ елді мекендегі өндіріс орындарының бірі қымыран, шұбат өнімдерін шығаратын  «Гүлмайра» шаруа қожалығы. Шаруашылық тәулігіне 2,0 тонна шұбат өнімін шығарады. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған шұбат цехында 16 адам жұмыс істейді.  «Отырар шұбаты» брендімен танылған отандық өнім қазіргі таңда республиканың Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарына таратылады.

Аудан әкімі аталған кәсіп иелерінің шаруашылықты одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын тыңдап, мемлекеттік қолдаулар туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Отырар ауданындағы филиалы арқылы кеңес алуға болатынын атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ