КЕНТАУ: әкім жұмыстар уақытылы әрі жүйелі жүргізілу қажеттігін жауапты басшыларға тапсырды
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші болып қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков қаладағы білім мекемелерінің 2024-2025 оқу жылында газдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.
Жалпы, Кентау қалалық білім беру бөліміне қарасты мемлекеттік 40 білім нысаны бар. Оның ішінде 28 мектеп, 32 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар. Мемлекеттік мектептің 23-і де типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан.
Осы сәтке дейін, орталықтандырылған жылу жүйесіне – 26 мекеме қосылса, автономды — 14 мекеме шағын қазандықпен жылытылады.
2023 жылы – 2 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылған. Олар: «Д.Қонаев» атындағы мектеп пен «А.Молдағұлова» атындағы №19 мектеп.
Бүгін де қалған білім нысандарын газға қосу бойынша жұмыстар жүруде. 11 мектептің алғашқы жеңімпаз анықталған 7-нің жұмысы 80-85% құраса, кейіннен бастаған 4 мектеп 35-40%, 7 балабақшаның жұмысы 85-90% құрап отыр.Жоғарыда аталған барлық мекемелердің жұмысының аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 1 мен 15 тамыз аралығы.
Қала әкімі Жандос Тасов жылу маусымына дейін білім нысандарын газға қосу жұмыстары толықтай аяқталып, әрі сапасына мән беру қажеттігін атап өтті. Жұмыстар уақытылы әрі жүйелі жүргізілу қажеттігін бөлім басшысы мен газ саласына жауапты басшыларға тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Н.Өсенбай облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы бойынша мәлімет берсе, 109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожамұратов секторлардағы атқарылған жұмыстар мен орындалмай қалған мәселелерді баяндады.
Қала басшысы әрбір баяндамашыны тыңдап, берілген тапсырмаларға немқұрайлық танытып немесе жұмысты баяулатып жүрген сала басшылары мен мамандарына шара көру бойынша ескерту жасады.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі