Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға Ислам ынтымақтастық ұйымы атқарушы директоры келді

0

 23 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Төрағасы, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ислам ынтымақтастық ұйымы әйелдер ұйымының атқарушы директоры, доктор Афнан әл-Шуайбимен кездесті.

Кездесу отбасылық және гендерлік саясат саласындағы мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға арналды.

Аида Балаева Қазақстанның полиэтникалық және поликонфессионалдық мемлекет ретінде бейбітшілік, толеранттылық және кемсітушілікке жол бермеу саясатын ұстанатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған жұмыстарға үнемі қолдау көрсетіп, оған үлкен мән береді, бұл мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып табылады. Мұның айқын дәлелі ретінде 2023 жылы Қазақстанның гендерлік алшақтық индексі бойынша халықаралық рейтингте 146 елдің ішінде 62-орын алғанын айтуға болады», — деді Аида Балаева.

Төраға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қызметі туралы және Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының жұмысы туралы айтып өтті. Гендерлік саясат мәселелерімен айналысатын 500-ден астам ҮЕҰ және 70-ке жуық ҮЕҰ-ны біріктіретін әйелдер көшбасшылығы мектептерінің ұлттық желісі маңызды рөл атқарады. Еліміздің барлық өңірлерінде «Әйел саясаткерлер клубтары» және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істейді.

Доктор Афнан әл-Шуайби Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жетістіктерін ерекше атап өтіп, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан осы салада көшбасшы орынға ие екенін айтты.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен ИЫҰ әйелдер ұйымының өзара байланыс перспективаларын, соның ішінде халықаралық алаңдарды талқылады.

Кездесу соңында қатысушылар әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру саласындағы саясатты іске асырудың негізгі мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге және пікір алмасуға өзара қызығушылық білдірді.


ПІКІР ЖАЗУ