ШЫМКЕНТ: Көпшіліктің қатысуымен өтетін кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынды

0

Шымкентте эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты шектеу шараларын күшейту жөніндегі қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданындағы мониторингтік топтың саны онға артты.

Айта кетейік, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 14 шілдедегі №22 қаулысына сәйкес, бүгінде Қаратау ауданы аумағында көпшіліктің қатысуымен өтетін кез келген іс-шараларды / туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар / өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты да қысқартылды. Енді олар келушілерге сағат 20.00-ге дейін ғана қызмет көрсете алады. Онда да жасақталған орындардың жартысына ғана отырғыза алады.

Ал «Аshyq» жобасына қатыспайтын ойын-сауық орталықтары, бильярд, компьютер клубтары мен букмекерлік кеңселердің жұмысы мүлдем тоқтатылды.

Шымкентте бір тәулік ішінде 2 601 адам вакциналанды (I компонент-1201, II компонент-1400). Жалпы, егу науқаны басталғалы барлығы 341 106 адам екпе салдырған. Оның ішінде 213 563 адам вакцинаның екі компонентін алды.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Өз денсаулығыңыз — өз қолыңызда! Карантин талаптарын қатаң сақтайық.


ПІКІР ЖАЗУ