Қоғам дамуындағы әйел орны

0

Қазіргі таңда ақпарат көздерінен жиі еститін «гендер» ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеулер жүргізіле бастаған. Оған сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен әйелдер құқығын қорғау бағытындағы феминистік қозғалыстың өрістеп, философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, тағы да сол секілді құбылыстар әсер етті деп түйеді ғалымдар.

Біздің қоғамда «гендер» ұғымын ерлер мен әйелдердің ғана бір-біріне теңестірілуі деп қабылдайтын түсінік әлі де басым басым. Тіпті өзінің көзқарасын «Әйел бастаған көш оңбас», «Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді», «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деген мақалдар арқылы дәлелдеп, нақтылай түсетіндерді жиі кездестіруге болады. Өткен дәуірдегі кеңестік социалистік кезеңдегі әйел теңдігі саясатымен бүгінгі күнде салыстыратын жайттар да жиі кездесетінін көріп жүрміз.

Бірақ олар бұл сөздің мәнісін тек адамдардың жыныс айырмасымен байланыстыра, біржақты, тар мағынада қабылдау өрескел қателік екенін түсіне бермейтіні анық. Осы орайда мемлекет тарапынан гендерлік саясаттың мәнін түсіндіріп, қоғамдағы маңызын анықтау мақсатында Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазіргі заманда әйелді адам қоғамдық жұмыстардың кез келген саласынан, яғни билік басында да, ғылымда да, жеке кәсіпкерлікте де, әскери істе де кездестіруге болады.

Қай қоғамда да гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, қоғамды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі деуге болады.

Қазіргі таңда әлемдегі гендерлік саясатқа баға беру үшін әлемдік гендерлік индекс қолданылады. Әр елдегі гендерлік теңдікті негізгі 4 критикалық: экономикалық, денсаулық сақтау, білім беру, саяси үдерістерге қатысу сынды салалардағы жетістіктер бойынша баға береді. Аталмыш тізімде Исландия, Швейцария, Финляндия сынды Скандинавия түбегінің елдері көш бастап тұрса, еліміз 47-орынды иеленген. Ал экономикалық қатысу және мүмкіндік бойынша 36-орынға табан тіреп, білім беру саласында – 28, денсаулық сақтау саласында – 1, саяси өмірдегі белсенділік бойынша – 78-орында тұр.

Осы орайда Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның пікірінше, елдегі әйелдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады екен. Бірінші топ – ұлттық дәстүрді берік ұстайтын аналар. Олар үшін отбасылық жағдайдағы салт-сана, дәстүрді берік ұстап, өздерін «ошақты сақтаушы» ретінде көрсету басты орында тұрады.

«Әдетте, бұл әйелдер үшін күйеу – отбасының асыраушысы. Бұл топ өкілдерінің көбінде жоғары білімі жоқ және басым көпшілігі ауылдық жерлерде тұрады. Екінші топ – орта және егде жастағы аналар құрайды, нарықтық қатынастардың келуі бұл топтағыларды жұмыссыз қалдырған. Сондықтан жәрдемақының көмегімен, әлде қосалқы жұмыстарды ғана істеп ақша тауып жүр. Үшінші топ – кәсіпкер немесе жоғары жалақы беретін жерлерде жұмыс істейтін әйелдер қауымы. Бұл категорияға жататын аналар мен арулар қоғамдағы отбасылық әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзіне қатысты болып тұрғанын айқын аңғарған жандар. Олардың ішінде саяси карьерасын биліктен іздейтін жастар көп. Міне, біз осы 3 топ өкілдерін бір арнаға тоғыстырғанда ғана гендерлік саясатта бір нәтижеге жетеміз», – дейді.

Бүгінгі қоғамның басты мақсаты – әйел затына деген дәстүрлі көзқарасты өзгертіп, гендерлік теңдікті қалыптастыру. Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы және президенті Клаус Шваб: «Әйелдер әлемдегі адами капиталдың жартысын құрайды. Сол себепті қыздар мен әйелдердің құқықтары мен білімдерін кеңейтіп, олардың көшбасшылығы мен таланттарын әлем деңгейінде қолдану – бәсекелестікке қабілетті әлемнің негізгі жетістігі мен даму элементі» деген екен. Бұл сөздер шынымен де бүкіл әлемде ел дамуына келгенде мәселе әйелдердің кез келген салада белсенділігін арттыруға келіп тірелетінін көрсетеді.

С.Бақберген


ПІКІР ЖАЗУ