Созақ: аудан орталығында ішкі жолдар жөнделіп, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүруде

0

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жаңадан асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді аралап, жұмыс барысын назарға алды.

Аралау барысында жолдың сапасын бақылады. Салаға жауапты мамандарға жасалып жатқан жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, бақылауда ұстауды ескертті. Сондай-ақ келер жылға асфалть жабындысы төселетін көшелерді де осы сәттен нақтылап, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жылы аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл-Ел бесігі» бағадарламасы аясында, 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджеттен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары 100% асфальт жолмен қамтылған.

Бұл бағытта жұмыстар биылғы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. 

Сондай-ақ ішкі көшелері сапалы жолмен қамтылған ауылдардың арасындағы облыстық маңызы бар күре жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырым, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырым, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары осы жылы толық аяқталады.

Жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.


ПІКІР ЖАЗУ