ТҮркістан: «АТА ЗАҢЫМ – АЙБАРЫМ» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті
Түркістанда 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Ата заңым – Айбарым» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Шараны облыстық жастар орталығының басшысы Ернар Бектаев ашып беріп, ақындарға шабыт тіледі.
Айшықты сөз, өрелі ойымен айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып жүрген Бекарыс Шойбеков, «Алтын домбыра» иегері, Түркістан өңірінің тумасы Еркебұлан Қайназаров, «Қазық жұрт»жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, айтыскер Қалижан Білдәшев пен Мұрадым Мирланов жыр додасында төрелік етті.
Қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков жас айтыскерлердің өнерін бағалап, өз пікірін білдірді. Айтыскерлердің өзіндік стилі, өлең-сөзінің мәні мен мазмұны, оны көрерменге жеткізе білу ерекшеліктерін жан-жақты талқылап, жырымен ерекшелене білген айтыскерлерді атап өтті.
Түркістан облысының әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облысы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен додаға 12 ақын бақ сынасты. Тартысты өткен өлең-сөз сайысының қорытындысы бойынша бас жүлде Түркістан қаласынан қатысқан Исламхан Мұмаммедханға бұйырды. І орынды Ахмедрасул Баянбай (Отырар ауданы), ІІ орынды Нұрмахан Жақыпбек (Арыс қаласы) иемденді. Ал Нұрдәулет Өмірбек (Түркістан қаласы) пен Аян Ниязбек (Төлеби ауданы) ІІІ орынға табан тіреді. Арнайы жүлде Мейіржан Жақып (Отырар ауданы) пен Нұрдәулет Тілләбекке (Сарыағаш ауданы) берілді. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (120 000 тг) табысталды.
Айта кетейік, мерейлі шараның мақсаты – айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету, дарынды жас ақындардың ақындық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау.