ТҮРКІСТАН: Жетісайда полиция майталманының есіміне берілген сынып ашылды
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 32 жыл толып тұр. Осы ретте Жетісай қаласындағы «М.Горький» атындағы №1 мектеп-гимназиясында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде ерен еңбек етіп, Ішкі Істер органдарында қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есіміне берілген «Полиция сыныбы» ашылды.
Сыныптың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облысы полиция депертаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Адайбеков Шохан Жолдасбекұлы мен облыстық ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанәділ Құмарбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Сапарбеков Адилбек Әбдіраймұлы мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет, Әбдіғаппар Серікбаевтың отбасы мен ағайын-туыстары қатысты.
«Отанды сүю – өз еліне адал берілгендік. Оған қалтқысыз қызмет ету – оның мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау. Отанды қорғау ісіне ардагерлеріміздің үлгісімен әрқашан дайын болып, намыс туын жоғары ұстау баршамыздың міндетіміз. Тек қана оңтүстік өңіріне ғана емес күллі республикаға, қала берді алыс-жақын шет елдерге ҚАПАШ есімімен танылған Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімімен аталатын сыныпта білім алатын оқушылардың да нағыз елжанды, іскер, жаңашыл болып қалыптасатынына күмәнім жоқ» деген аудан басшысы жас полицейлерге куәлік тапсырды.