Түркістан облысында салынып жатқан «жайлы мектептер» инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында заманауи үлгідегі білім ұялары салынып жатыр. Өңірде биыл 29 «Жайлы мектептің» құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаны үйлестіруші – «Самұрық-Қазына» АҚ.
Облыс аумағында Ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептердің» құрылыс сапасы мен орындалу мерзімі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрақты қадағалауында. Сонымен қатар мектептің құрылыс жұмыстары бойынша арнайы штаб құрылып, құрылыс барысы бақылауға алынған.
Қазіргі уақытта 29 мектептің 4 мектебі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аймақтарда бой көтеруде. Қалған 25 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыстары 100% аяқталған (газ, су, электр).
Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында 2000 орындық мектептің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сауран ауданы, Еңбекші Дихан ауылындағы 600 орындық, Түркістан қаласы, «Яссы» мөлтек ауданындағы 1200 орындық, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы 600 орындық, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы 900 орындық, Шардара ауданы, №4 мөлтек ауданындағы 1200 орындық жаңа білім ордаларын қазан айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар 14 мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ. Қалған 9 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.
Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір. Бұл жаңа ғимараттар өңірде шығарылатын жиһаздармен жабдықталады. Білім сапасын арттыру мақсатында мектепті білікті ұстаздармен қамту мәселесі де назарға алынған.