ТҮРКІСТАН: Сарыағашта ғасыр жасаған аналар құрметке бөленді

0

1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімі Арман Абдуллаев ғасыр жасаған аналардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Алдымен Құркелес ауылдық округі Нұрлы жол ауылының тұрғыны 104 жастағы Жадыра Кескенбаеваның үйіне барған аудан басшысы алтын құрсақты әжейді арнайы мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстап, сұхбаттасты. Жадыра Кескенбаева 7 ұл-қызды дүниеге әкеліп, қазіргі таңда 35 немере, 87 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.

Одан кейін, аудан басшысы Сарыағаш қаласының тұрғыны, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 104 жастағы алтын құрсақты әжей Сәуле Сапарбаеваның шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, ақ орамал жауып, арнайы сыйлықтар табыстады. Батыр ананың 11 ұл-қызынан 39 немере, 44 шөбере  тараған.

– Біз ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Ақ жаулықты аналарымыз қандай құрметке болсын лайықты.  Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйлеріңізден жылулық кетпесін. Жанұяларыңызға береке, бірлік тілеймін! – деді аудан басшысы.

Батыр аналарымыз шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жастық шақтарынан сыр шертті. Сондай-ақ ауданымыздың дамуы жолында жасалып жатқан жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.


ПІКІР ЖАЗУ