Түркістандық ұстаз мемлекет басшысының марапатын алды
Бүгін, 5 қазан “Ұстаздар” күнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде еліміздегі үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Абибулла Жакудаев та бар. Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын көпке танытып келеді. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы ұстаз, бұл күні Мемлекет басшысының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” төсбелгісімен марапатталды.