ТҮРКІСТАН: Сауран ауданында 2030 жылға дейін 151 инвестициялық жоба жүзеге асады
Түркістан облысында барлық аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жоспар жасалып, ол облыс әкімі мен басқарма басшыларының алдында арнайы талқылаудан өтіп, бекітіледі. Кестеге сәйкес бүгін Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жоспар таныстырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоспардың кейбір жетілдіретін тұстарына тоқталып, аудан әкіміне жұмысты жүйелеуді тапсырды.
– Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірстік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторға енгізген жөн. Бізге өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейтпесек болмайды. Сауран ауданын дамытуда ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарын да қайта пысықтап, жұмысты жандандырыңыздар. Барлық аудан, қала әкімінің жоспары тыңдалады, – деді Дархан Сатыбалды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.
Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек.