ТҮРКІСТАН: Сайрам ауданы әкімінің кубогы үшін республикалық жайдарман сайысы өтті
Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы Қ.Жандарбеков атындағы Мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы үшін республикалық «Жайдарман» сайысы өтті.
Мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды мәдениеттілікке баулу және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сайрам ауданы әкімдігі мен прокуратурасы қолдау көрсеткен сайыс жастарды құқық бұзушылықтан сақтандырып, пайдалы іспен айналысуға шақырды.
Кешті танымал әзілкеш Нұрсұлтан Үсенов жүргізді. Түрлі аймақтардан жиналған командалар – Шымкент қаласынан «Мадмуазель», «Сезон», «Самал 3», Ақтөбе облысынан «Бізде осы», алматылық «Эверест» облыс намысын қорғаған «Төле би» мен Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командалары өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді.
Сайыс нәтижесінде Сайрам ауданының «Ақбұлақ» командасының ойыншысы Бекқұлы Ерман «Үздік ойыншы» атанды. Шымкент қаласынан «Мадмуазель» командасы 3-орынды қанағат тұтса, Ақтөбеден келген «Бізде осы» 2-орынға тұрақтады. Ал, «Эверест» командасы 1-орын алып, сайыс жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов пен аудан прокуроры Д.Тлемисов құттықтап, өнер көрсеткен командаларға ыстық ықыласын білдірді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.