Түркістан облысында 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 трлн. теңгеге жетті

0

Биылғы 9 айдың нәтижесімен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталды. Алдын ала есеп бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 трлн. теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. Сонымен бірге аймақта кіріс көздері ұлғайған. Аталған мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  индикаторларды толық орындау маңызды екеніне тағы да тоқталды.

– Бекітілген жоспарды орындап, экономикалық өсімге қол жеткізуіміз керек. Жұмыс бар. Бірақ әлі де күшейткен жөн. Индикаторларды орындау көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдерінен тиісті түсініктемесі алынады. Өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді көбейту қажет. Ізденіңіздер, көршілес елдерге барып, тәжірибелерін көріңіздер. Бізге жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша нақты нәтиже қажет. Бюджет қаржысын тиімді жұмсау, аймақтағы жобаларды уақтылы жүзеге асыру да қатаң қадағаланады, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есептері тыңдалды.

Жыл басынан бері өңірде өнеркәсіп өнім көлемі 857,1 млрд. теңгені құрап, өсім 106,8% деңгейінде болды. Өсудің оң үрдісі тау-кен, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері, жиһаз өндірісінде салаларында байқалады. Өңдеу өнеркәсібі өнімі нақты 409 млрд. теңгені құрап, 2 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 747,3 млрд. теңгені құрап, өңір республикада көш бастады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 822,3 млрд. теңгеге жетіп, артығымен орындалған. 

2024 жылғы 3-ші тоқсан қорытындысымен бюджетке 181 млрд. 200 млн. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 103,6%-ға орындалып отыр. Аймақта өндіріс орындарын ашу, салық мәдениетін көтеру, өзіндік кіріс көздерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.


ПІКІР ЖАЗУ