Дархан Сатыбалды: «Жетісайда өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарын күшейту керек»
Түркістан облысының аудан, қалаларын 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Жетісай ауданының даму жоспары пысықталды. Ауданның басымдықтары мен мәселелері ашық айтылып, тиісті тапсырмалар берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан басшысына өндіріс орындарын ашу, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығын дамыту, өңдеу өнеркәсібін жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.
– Ауданның әлеуеті жоғары болғанымен көрсеткіштер ойдағыдай емес. Тұтас команда жұдырықтай жұмылып, жүйелі жұмыс атқаруы керек. Елге нақты жобалар, өндіріс орындары қажет. Суармалы жерді толық игеру, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытын күшейтіңіздер. Ауданға тиісті қолдау көрсетілуде. Соны тиімді пайдаланыңыздар. Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, терең өңдеуге басымдық берілсін. Ізденіңіздер, нәтиже көрсетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс саласы бағыттарына басымдық беріліп отыр. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жанданбақ.
Ауданда биылғы 9 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 112,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артып отыр.
Әзірленген даму стратегиясында барлық көрсеткішті жақсарту көзделген. Жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға дейін 2,3 есе өсіріп, 387 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп өнім көлемін 19,3 млрд. теңгеден 38,5 млрд. теңгеге дейін, құрылыс көлемін 10,4 млрд. теңгеден 14,8 млрд. теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 249,1 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2 есе, өңдеу өнеркәсібі 2 есе, құрылыс көлемі 1,4 есе, сауда 2,3 есе, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 2,4 есе артпақ.
Ауданға соңғы 5 жылда 90,2 млрд. тенге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында құны 115,2 млрд. теңге болатын 69 жобаны іске асырып, 4 683 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде салық түсімі артып қана қоймай, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі. Өнеркәсіп саласында құны 63,2 млрд. теңге болатын 20 жоба іске асып, 2706 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, бюджетке 1 млрд. 260 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп межеленген. Ауданда 50 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.