ТҮРКІСТАН: Төлебиде ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді
Бүгін Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Көксәйек ауылдық округінің тұрғындары 100-ден асқан қазыналы қарияларды мерейлі мерекелерімен құттықтады.
— Ұрпағыңыз үмітіңізді ақтап, мерейіңізді өсірер мақтанышыңызға айналсын. Алланың берген жасын мазмұнды да мағыналы өткізуге, немере, шөбереңіздің қызығын көре беруіңізге тілектеспін. Жанұяңызға құт береке, деніңізге саулық тілеймін, деді – аудан әкімі.
105 жастағы Құралай Оразбаева қаңтар айының алғашқы күндері туылса, 101 жастағы Пернекүл Бектемірова 15 – ші қаңтарда күні дүниеге келген. Жастық шақтарын тыл еңбегіне арнаған әжелер туған күндерімен арнайы құттықтап келген аудан басшысына алғыстарын айтып, ақ батасын берді.
Құралай Оразбаева 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана. Үлкен ұлы 78 де, кішісі 60 жаста. Кейуана 70 жасқа дейін Сакен Сейфуллин колхозында жұмыс істеген. Бүгінде 30 немере, 31 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.
Пернекүл Бектемірова 1 ұл, 2 қыздың анасы. Бүгінде 7 немере 27 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған әженің ұлы Есентай Тойбеков 77-ға толса, қызы Оразкүл Тастемірова 75 жаста.
Айта кетейік, Төлеби ауданында жүз жасқа жеткен және жүзден асқан 10-ға жуық қария бар.